Маңғыстауда мектеп бітіру кешінде мерекелік дастархан жаюға тыйым салынды
2022 жылғы 24 мамыр 10:10

Маңғыстауда мектеп бітіру кешінде мерекелік дастархан жаюға тыйым салынды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, мектеп бітіру кеші мектеп қабырғасында өткізілуі тиіс және оны білім мекемесі ұйымдастыруы қажет.

«Мектеп түлектеріне мыналарға тыйым салынады: аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, суретшілерді, мерекелік іс-шараларды өткізу үшін жеке студияларды шақыруға, мерекелік дастархан ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөлік шақыруға, қала (аудан) бойынша экскурсия өткізуге, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлыққа қаражат жинауға, ойын-сауық мекемелерінде кеш ұйымдастыруға болмайды»,-деді Гүлмира Мамаева.

Оқушылардың мектеп бітіру кешіне мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, түлектердің ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, демеуші ұйымдардың, облыстық білім басқармасының өкілдері, бітіру іс-шараларына мүдделі мемлекеттік органдар және басқалары қатыса алады.

Жалпы, биыл Маңғыстауда мектепті 7562 түлек аяқтайды. Оның ішінде 7114-і мемлекеттік күндізгі мектептің, 59-ы жекеменшік, 389-ы кешкі мектеп түлектері.

11 сынып білім алушыларының мемлекеттік бітіру емтиханы – 2022 жылғы 27 мамыр – 10 маусым аралығында.

«Алтын белгіге» үміткерлер бүкіл қорытынды емтиханды өз мектебінде тапсырады.

Аттестатты салтанатты тапсыру 16-17 маусымға жоспарланған.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT