Маңғыстауда «Mangystau Nauryz Fest» фестивалі басталады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен өңірде алғаш рет «Mangystau Nauryz Fest-2021» жастар фестивалі өтеді.

Ұлттық дәстүрді дәріптейтін жастар фестивалінің мақсаты - Амал және Наурыз мейрамын жаңа үлгіде тойлау дәстүрін қалыптастыру, қоғамды ұйыстыруға бағытталған құндылықтарды насихаттау.

Фестивальдің бағдарламасына сәйкес облыс көлемінде түрлі деңгейдегі қоғамдық-мәдени шаралар ұйымдастыру жоспарланған.

«14 наурыз - «Амал мерекесінбе» өңір волонтерлары қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтап, «Жыл құтты болсын» атауымен тәттілер үлестіреді және осы күні тұрғындар арасында «Ұлт нақышы» фото байқауы жарияланады. Тұрғындар 14-22 наурыз күндері аралығында «instagram» әлеуметтік желісіне қазақтың ұлттық киімдерімен түскен суреттерін #MangystauNauryzFest2021 #ҰлтНақышы2021 хэштегтері арқылы жариялау арқылы байқауға қатыса алады. Үздік суреттерді өңірге танымал, кәсіби фотограф мамандар таңдап, жеңімпаздар марапатталады.

15 наурыз – «Жайлау күнінде» өңір жастарының қатысуымен аудан және қала орталықтарында орналасқан саябақтарда тал егу шарасы өтеді. Кемінде 500 түп тал егіледі деп жоспарланған.

16 наурыз – «Шежіре» және 17 наурыз – «Тарихқа тағзым» күндері Мұнайлы және Қарақия аудандарында «Ақ жол» жастар театрының әуесқой әртістерінің қатысуымен Наурыз мейрамының тарихи мәнін айқындайтын драматург Өтен Ахметтің «Елім деп өткен ер Жалау» қойылымы көрсетіліп, аудандық және қалалық мұражайларға тақырыптық экскурсиялар ұйымдастырылады.

17 наурыз «Тарихқа тағзым» тақырыбымен облыстық жас ақындар айтысы өтеді.

18 наурыз - «Игі істер күнінде» – Маңғыстау облысының волонтерлар корпусының Ақтау қаласындағы №69 түзету мекемесінде сотталған азаматтарға кітап сыйлау шарасы өтеді. Сонымен қатар, өңірдегі волонтерлік топтар мен жастар ұйымдарының қайырымдылық шаралары жоспарланған.

19 наурыз «Шымырлық және шеберлік» деп аталатын келесі күні Маңғыстау ауданында жас құсбегілер және ұлттық спорт түрлерінен (асық ату, арқан тартыс, күш сынасу) жарыстары өтсе, Жаңаөзен қаласында садақ атудан республикалық жарыс өтеді. Ал, Ақтау қаласында жас қылқалам шеберлері мерекеге байланысты тақырыптық туындылар салып, өзара бақ сынасады.

20 наурыз – «Зияткерлік күні» Маңғыстау облысының тоғызқұмалақ федерациясымен бірлесе жастар мен жасөспірімдер арасындағы тоғызқұмалақ ойындарының қалалық сайысы өтеді.

21-22 наурыз – «Ұлыстың Ұлы күні» – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған теңіз жағалауында қала тұрғындары мен қонақтарына мурал таныстырылады.

14-22 наурыз аралығында «Ұлттық тағамдар күніне» орай Маңғыстау облысының тұрғындары «инстаграм» әлеуметтік желісіне Наурыз мейрамында дайындалатын тағамдардың дайындалуын, дастархан жаю әдебін көрсететін бейнероликтер байқауы және Қарақия ауданы жастарына арналған ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлерін дәріптейтін «Берекелі, мерекелі – әз Наурыз» бейнероликтер байқауы жарияланады.

Байқауға қатысушы #MangystauNauryzFest2021 #НаурызМәзірі хэштегтері арқылы желіге жариялау арқылы қатысады.

Облыс көлемінде ұйымдастырылған іс-шаралар әлеуметтік желілерде #MangystauNauryzFest2021 #МаңғыстауЖастары ресми хэштегтері арқылы жарияланады.


Соңғы жаңалықтар