Маңғыстауда көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімі жөндеуден өтеді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімі 2020 жылы күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы медициналық мекеменің бас дәрігері Аманбек Жумиров хабарлады. Айтуынша, қазір қаражат бөліну үстінде. Осыған дейін алматылық науқастың шағымы желіні дүр сілкіндірген болатын. Ол «аурухана асханасында барлық науқастарға арналған бір ғана қазан бар және тамақты жылытатын қысқа толқынды пеш жоқ»,-деп жариялаған болатын. Қазір жағдай түзелді ме? Емделушілер не дейді?

Осы уақытқа дейін тұрғындардың арасында «жұқпалы аурулар бөлімі санитарлық талапқа сай емес», «гигиеналық жағдайы сын көтермейді», «қабырғаны зең басқан» деген пікірлер желдей есіп, түрлі видеолар тараған болатын. Күніне 10 науқасқа дейін келіп түсетін медициналық мекеме тарапына айтылған сынның кейбірін бас дәрігер де растап отыр. Айтуынша, ауруханада науқастарды жатқызатын кереует жеткіліксіз. Сондықтан кей жағдайда дәлізге жатқызуға мәжбүр болатын кездер болады.

«Келген ауруды кері қайтара алмаймыз. Ем көрсетуіміз керек. Сондай жағдайдың орын алатыны рас. Бұл күрделі мәселе. 60 керуетті орын облысқа аз. Бұл мекеме 1981 жылы салынған. Бұрынғы кез бен қазіргіні салыстыра алмаймыз. Мұнайлы ауданында бөлімше жоқ болғандықтан науқастар саны артуда. Осы уақытқа дейін біраз жұмыс жасалды. Әкімшіліктен осы уақытқа дейін отырғыш, төсек, кереуеттер алынды. Дәрі-дәрмек жеткілікті»,-дейді «МО Көпбейінді балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК Директоры Аманбек Жумиров.

«Бұрын жұқпалы аурулар ауруханасы болған. Осы жылдың қаңтар айынан бастап, облыстық балалар ауруханасына қарасты бөлімше болып қалды. Мұнда 60 орынға шақталған. Бірақ, қосымша алдырдық. Маусымдық аурулар артуынан науқастар саны да артқан. Мәселен, барлық аудандардан келуде. Дәрігерлер саны да көбейді»,-дейді МО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева.

Бүгінгі таңда 91 науқас емделуде. Оның 17-сі қызылшамен түскен. Қалғандары іш өту, бронхит сияқты диагноздармен ем қабылдауда. Науқастардың 50%-ы Мұнайлы ауданынан келген. Себебі, өңір бойынша тек Мұнайлы аудандық ауруханасында жұқпалы аурулар бөлімі жоқ. Сондықтан олар Ақтауға келуге мәжбүр. Мәселен, 1 жасар баласымен түскен Гүлбану Ибрагимова да Мұнайлының тұрғыны.

«Өте ауыр жағдайға түстік. Балам құсты, іші өтті. Денсаулығы бірқалыпты. Тек жөндеу керек»,-дейді ол.

Мұнайлы ауданында аурухана салу жоспарланып отыр. Ішінен жұқпалы аурулар бөлімі ашылмақ. Қазір сметалық құжаттары жасақталып жатыр. МО Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, Ақтауда науқастарды қосымша қабылдайтын талапқа сай келетін жаңа ғимарат іздестірілуде. Қазіргі қолданыстағы ғимараттың да жағдайы дұрысталмақ.

Соңғы жаңалықтар