Маңғыстауда көліктен миллион теңге ұрлағандар іздестіріліп жатыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ұрлық жасап, оқиға орнынан қашып кеткен 3 жігіт іздестіріліп жатыр. Олардың бұл әрекеті бейнетаспаға түсіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұнайлы аудандық ішкі істер басқармасының мәліметінше, ірі ақша ұрлығы Басқұдық ауылындағы автобазарда болған.

Бейнетаспада ақ кепка мен көк футболка киген ер адамның «Tоyota Camry»  көлігіне жақындап келіп, қалтасынан шығарған құралымен есікті ашқаны түсірілген. Жанынан өтіп бара жатқан тағы біреуі сыбайласын күтіп тұрып, көлікке отырады. Бірер минут өткен соң ұрылар түк болмағандай 1,2 млн теңгені алып, кетіп қалады.

Автұрақтан шығып бара жатқан оларды тағы бір жігіт күтіп тұрады. Үшеуі автобазардан бірге шығып кетеді. 

Аудандық ІІБ криминалды полиция қызметкерлерінің айтуынша, бүгінгі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша іс қозғалған. Ұрылар ұлты азиялық, 30-35 жастағы адамдар.

Суреттегі адамдарды танитындар +7 (7292) 46-50-02, 47-55-10, +7 (778) 812-52-02, +7 (701) 888-68-85 нөміріне хабарласуына болады.

Соңғы жаңалықтар