Маңғыстауда көлік көп жүретін тас жол жарықтандырылады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстаудағы сағатына 450-ге дейін көлік жүретін Ақшұқыр ауылы мен Сайын Шапағатов ауылының арасындағы асфальт жолын жарықтандыру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтау-Форт-Шевченко» тас жолының 13,5 шақырымынан бастап 28 шақырымына дейінгі автожолды жарықтандыру 2018 жылы басталған болатын.

Қазіргі таңда нысанның жоғарғы кернеулі электр желілері тартылып, «КТП» электр құрылғылары, сондай-ақ жол бойындағы жарық бағаналары орнатылуда.

Аталған жолдағы автокөлік қарқынының көптігіне (сағатына 450 көлік) байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін ескере отырып, жобаға өзгерістер енгізілген.

Мәселен, енді жаяу жүргіншілер жолағы түрлі-түсті етіп боялады. Бастапқы жобада қаралған темір бағаналардың орнына заманауи бағаналар орнату жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, мердігер мекемемен келісім негізінде жарық бағаналарын орнату бұрын Ақшұқыр ауылы 14 шақырымнан басталады деп белгіленген болса, енді 13,5 шақырым тұсынан, яғни «Бегей» тұрғын үй алабы маңынан басталатын болады. Құрылыс жұмыстары жоспарлы жүруде.

Аудандық әкімдік өкілдерінің айтуынша, жарықтандыру жұмыстарын жыл соңына дейін бітіру көзделіп отыр. Жобаға қаражат аудандық бюджеттен бөлінген.

Соңғы жаңалықтар