Маңғыстауда қолдан жасалған газ қондырғыларынан 2 адам уланып қайтыс болған

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері газдан уланып 2 адам қайтыс болып, 7 адам зардап шеккен. Екі жағдайда да қауіпсіздік сақталмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тексеру барысында газ мамандарымен келісім жасамай, өз беттерімен қолдан жасалған газ құрылғыларды орнатқаны анықталды. Құрылғыларды дұрыс жерге қоймаған немесе қателік жіберген. Газ қондырарда сертификатталған құжаттары болуы керек. Міндетті түрде біздің мекемені ескерте отырып, кәсіби мамандармен орнатылу керек», - деді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Маңғыстау облыстық өндірістік филиалының директоры Еркін Жұмағалиев.

Тұрғын үйлерде табиғи және көміртегі тотығымен уланудың алдын алудың бір әдісі - қазандық құрылғыларынан газдың ағып кетуін анықтайтын газ анализаторларын орнату.

Бүгінгі таңда облыс аумағында халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлеріне барлығы 5 326 газ анализатор орнатылды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген.

«Тұрғындар газды пайдалану кезінде қауіпсіздікті сақтау қажет. Сонымен қатар арнайы құрылғыларды пайдалану жөнінде техникалық қызмет көрсету мекемелерімен шарттары болуы керек. Тұрғындарды салғырттық танытпай, әрқашан үйіндегі газ жабдықтарын тексеріп отыруға шақырамыз. «ҚазТрансГазАймақ» мекемесі де рейд жүргізіп тұрады», - деді Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров.


Соңғы жаңалықтар