Маңғыстауда қоқыс басқан «Голубая бухта» туристік аймағы тазаланды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда қоқыс басқан «Голубая бухта» туристік аймағы тазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Каспий теңізінің жағалауында орналасқан туристік аумақты қоқыс басқанын айтып ақтаулық тұрғын Павел Худяков видео жариялаған болатын.

«Қазір көлікпен жүріп келемін. Оң жағымда әлі де болса қалдықтар шашылып жатыр. Мәселені шешу үшін мынадай ұсынысым бар: Ақтау – Форт-Шевченко жолында жол полициясы жүреді. «Голубая бухтадан» шыққан көлік сырты әдетте шаң болып тұрады. Тоқтатып, қорабын тексеру керек. Қоқыс салынған қапшық болмаса шара қолдану керек. Болмаса, Түлкілі сай аумағында қоқыстарды сұрыптап, сатып алатын бекет қою қажет», - деді ол.

Әлеуметтік желіде табиғат жанашырларының наразылығын тудырған таспадан соң Түпқараған ауданы әкімдігі жедел тазалау жұмыстарына кірісті.

Жиналған қоқыс ауылдағы арнайы полигонға жеткізілген. Жарты тәулікте 2 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып, полигонда жойылды.

«Қазіргі таңда күн жылынып келе жатыр. Соған байланысты демалушылар саны артуда. Алдағы уақытта бұл жер тұрақты тазаланып тұрады. Аптасына бір рет, демалысқа қарай. Барушылардан сұрайтынымыз – өзіміздің табиғатымызды тазалап, аялап ұстау. Және де мүмкіншілік болған жағдайда шыққан қоқыстарды өзімен бірге алып кетуін сұраймын», - деді Сайын Шапағатов ауылдық округінің әкімі Сайрам Қылыш.

Осы маңда тұрмыстық қалдық салуға арналған 3 контейнер мен үлкен темір жәшік қойылған. Жақында тағы бірнеше контейнер қою жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Голубая бухта» жағажайы Ақтаудан 63 шақырым қашықтықта орналасқан. Таулы-жартасты мекен туристердің сүйікті орны. Әсіресе, күн жылыда демалушылар шатыр тігіп, бірнеше күн аялдайды.


Соңғы жаңалықтар