Маңғыстауда көгілдір отын қымбаттауы мүмкін

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда тағы да көгілдір отын қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы «Қазтрансгазаймақ» компаниясының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әзірге бұл жоба күйінде. Алайда ұсыныстың іске асуы ғажап емес. Газдың көтерме бағасын 15 пайызға өсіру туралы бұйрықты Энергетика министрлігі мамыр айында қабылдаған. Көгілдір отынды елімізде тарататын «Қазтрансгазаймақ» компаниясы тарифті 9 пайызға өсіруді сұрап отыр. Мұның себебін тұтынушылардың көбеюімен түсіндіруде.

«Жаңа аудандар пайда болды. Тұтынушылар көбейді. Сондықтан мамандар тарту қажеттілігі туып отыр. Материалдық шығындар көбейді. Кейбір тауарлар да қымбаттады. Сондай-ақ, құрал-жабдықтарды жаңарту керек», - дейді  «Қазтрансгазаймақ» МОФ директоры Алпамыс Қисметов.

Еліміздің  газ нарығында негізгі үлесті алып отырған компанияның бүгінде 1,7 млн абоненті бар. Оның 150 мыңы Маңғыстауда. Қазіргі таңда өңірде 3 875 шақырымдық  газ желісі жүргізілсе, биыл 100 шақырым тағы тартылады.

«Қазтрансгазаймақтың» ең ірі тұтынушысы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» серіктестігі бұған наразы. «Онсыз да газдың борышы 3 млрд теңгеден асады. Бұл шешім коммуналдық қызмет құнын қымбаттады», - коммуналдық компания.

Айта кету керек, коммуналдық қызмет құны былтырдан бері 7 пайызға өскен. Ал қала тұрғындары бағаны көтеру негізсіз екенін алға тартады. Себебі газ қымбаттаса, коммуналдық қызмет құны да шарықтап кетеді.

«Қоғамдық талқылау заңдылықтары бұзылды. Мен экономист ретінде айтарым, компанияның тарифті өсіруіне негіз жоқ. Қарыздарды өндіріп алса, тарифті өсірмей-ақ құбырларды кеңейтуіне болады. Ал тұтынушылар көбейді деген себепті түсінбедім. Нарық заманында компаниялар тұтынушыға таласу керек емес пе?», - дейді  Ақтау қаласының тұрғыны Никар Рафикова.

Енді соңғы шешімді Табиғи монополияларды реттеу комитеті қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар