Маңғыстауда келесі жылы кәсіби спортшылар жаттығатын кешен ашылады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында 2020 жылы кәсіби спортшылар жаттығатын кешен ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысының индустриялық -инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Бегиева Амангүл Нарғұлқызы мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын дамыту аясында Маңғыстау облысы бойынша 40-тан астам жоба ұсынылған.

Бұл бағдарлама аясында Үкімет өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіп кешені саласындағы басым жобаларды 2018-2020 жылдар аралығында қолдау бағытында 600 млрд теңге қарастырып отыр. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға 400 млрд теңге бөлінген.

Бұл несиелеу бағдарламасына негізінен жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өнеркәсібі, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі сондай-ақ, құрылыс материалдарын өндіретін және туризм, білім саласы, көлік және логистика саласындағы қызмет түрлерін қамтитын жобалармен барлық бизнес субъектілері қатыса алады.

Жоба аталған салаларды дамыту мәселесіне қатысты, соның ішінде жүйелік деңгейдегі, орталық және жергілікті деңгейдегі бірқатар іс-шараларды қамтитын 9 тараудан тұрады.

«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту жөніндегі үкімет тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігі мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы негізінде құрылған жобалық кеңседе тиісті іс-шаралар жоспары жасақталып, жұмыс жүргізілуде.

Бүгінгі таңда екінші деңгейдегі банктермен жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 9 жоба, оның ішінде 2,46 млрд теңге болатын 7 жобаны «Даму» қоры мақұлдап отыр.

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының Маңғыстау облыстық филиалы директоры Гүлжан Қалымбетованың айтуынша, жалпы сомасы 2,20 млрд теңгенің 5 жобасын субсидиялау туралы келісімге қол қойылған. Сондай-ақ 20 млн теңге сомасында несие бойынша 1 жоба, 10 млн теңге немесе несиенің 50%-ына кепілдеме алған. Соның ішінде, өңіріміздегі өңдеу өнеркәсібіндегі азотты минералды тыңайтқыштар өндіретін ірі кәсіпорын «КазАзот» АҚ - да осы бағдарлама аясында несие алуға қолдау тапқан.

Айта кететін бір жәйт, осы жобаның арқасында кәсіби спортшыларды дайындайтын спорт-сауықтыру кешені ашылатын болды. Кәсіпкердің құны 100 млн теңге тұратын ұсынысын «FORTE BANK» мақұлдап, кешен 2020 жылдың мамыр айында ашылады деп жоспарлануда.

«Бұл дегеніміз, кәсіби спортшылар үшін таптырмас мүмкіндік. Өйткені, олар жаттығу үшін шетел аспай, өз елімізде дайындалып, олимпиада ойындарына қатыса алады» , - деді банктің Маңғыстаудағы филиалының директоры Аббат Өрісбаев.

«Қарапайым заттар экономикасының» басқа жобалардың артықшылығы біріншіден, кәсіпкер қандай сомада несие алам десе де шектеу жоқ. Екіншіден, несиенің 50 пайызын «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры субсидиялап, 5 млрд теңгеге дейін несиеге кепіл бола алады.

Соңғы жаңалықтар