Маңғыстауда кәсіпкер 12 млн теңгесін әкімдіктен өндіріп алды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстаулық кәсіпкер ауылдық әкімдіктен ала алмай жүрген 12 млн теңгеге жуық қаражатын өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегімен өндіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеке кәсіпкер М.Боқаев Ақшұқыр мектеп-лицейіне оқушыларды тасымалдаған қызметі үшін ауыл әкімінің қаражат аудармай отырғанын мәлім етіп, кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап келген еді.

Оқушы тасымалы бойынша Ақшұқыр ауылы әкімі аппараты мен жеке кәсіпкер арасында шарт жасақталып, іскер өз міндетін толық орындаған. 14 адамды жұмыспен қамтып, тиісті салықтарын да уақтылы төлеген.

Алайда, ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айлары үшін орындалған жұмыстарға ауыл әкімінің аппараты 11 725 000 теңге көлемінде қаражатты аудармай отырғаны анықталды. Соның салдарынан кәсіпкер жұмысшылардың жалақысын бере алмай, олар тарапынан да наразылық туындады.

Бұл дауды сотқа жеткізбей, жан-жақты қарап, оң шешімін табу мақсатында,кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы мен Ақшұқыр ауылы әкімі аппаратының өкілі қарызды жақын арада аударатынын мәлімдеп, уәделерін берген болатын.

Қазір 12 млн теңгеге жуық қаражат толық көлемде аударылып, кәсіпкер арызы қанағаттандырылды.

«Бірнеше ай бойы жергілікті атқарушы органнан маңдай тер, еңбекақымызды ала алмай қиналып жүр едік. Қол астымыздағы жұмысшылар да жалақысына қол жеткізе алмай наразы болып келген. МО «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Сотқа сабылмай-ақ, даулы мәселені оң шешіп беруге көп күш жұмсады. Кәсіпкерлердің құқын қорғайтын осындай мекеменің болғаны үлкен қолдау»,- дейді кәсіпкер М. Боқаев.

Соңғы жаңалықтар