Маңғыстауда қасиетті орындарда қоқыс тастағандарға айыппұл салынады

Фото:
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгетіндерге бақылау күшейтілді. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифинг барысында жергілікті полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Білімғали Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сондай-ақ, енді тарихи маңызы бар жерлердің тазалығына немқұрайлы қарайтын тәртіп бұзушыларға да айыппұл салынады.

- Әсіресе, жаз айларында қоқыс мәселесі өзекті. Күн ыстығына байланысты ауаға қолаңса иіс тарайды. Бұдан қоршаған орта да, адам да зардап шегеді. Жыл басынан бері табиғатты қорғау полициясы 6 мың адамға айыппұл салды және бұл жұмыс алдағы уақытта күшейтіледі, - дейді Білімғали Сұлтанов.

Спикердің мәліметінше, қоршаған орта тазалығын сақтамайтын азаматтарға осы уақытқа дейін 24 миллион 925 мың теңге айыппұл салынған.

Айыппұл арқалғандардың басым бөлігі қарызынан құтылған.

Десе де, тазалық сақтамай тәртіп бұзғандар арасында әлі де болса айыппұлдан жалтарып жүргендер бар. Оларға алдағы уақытта шара қолданылады.

Сонымен қатар, экологтармен бірігіп жүргізілген рейдтер нәтижесінде тәртіп бұзушылар арасында тек табиғатты ластағандар ғана емес, жасыл желекке нұқсан келтірген азаматтар да анықталды.

Оларға да өз кезегінде тиісті шара қолданылып, айыппұл салынды.

Брифингте табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбековте облыстың киелі жерлеріне зиян келтіретін іс-әрекеттерге жол берілмейтінін, оларды қоқыс толы аймаққа айналдыруға жол бермейтінін атап өтті.

- Жыл сайын, тіпті апта сайын қасиетті жерлерден тонна қоқыс шығарылады. Адамдардың өздері ластайды. Мұның барлығы - мәдениетсіздіктен, туған жеріне, еліне деген сыйластықтың, табиғатына деген жанашырлықтың жоқтығынан, - деді Дүйсен Құсбеков.

Спикер келтірген ақпаратқа сәйкес, 2021 жылы облыс бойынша 103 заңсыз қоқыс тастау орны тіркелген.

Оларды жою мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыс баяу, әсіресе Жаңаөзен қаласында - бір жыл ішінде 38 қоқыс орнының тек 4-і ғана жиналған.

Қалған қоқыс орындарының бірін қалдырмай жою биылға жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар