Маңғыстауда итбалықты қорлағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстауда итбалықты қорлағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың 6 шілдесінде Маңғыстау облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы белгісіз адамдардың итбалықты қорлау фактісі бойынша Маңғыстау облысы Қарақия ауданы полиция бөліміне шағым түсірген. Полиция бөлімі аталған факті бойынша ҚР ҚК 316-бабы 2-бөлігіне (Жануарларға қатыгездiк жасау) сәйкес олардың жеке басын анықтап, қылмыстық іс қозғады», - деп жазды Сәкен Ділдахмет Facebook -тегі парақшасында.

Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.

«Достар! Жабайы жануарлармен кездесіп қалсаңыздар қашықтық сақтаңыздар және абай болыңыздар», - деді Сәкен Ділдахмет.

Еске сала кетейік, 6 шілде күні әлеуметтік желіде демалып жатқан адамдар Каспий итбалығына тас лақтырғаны туралы видео пайда болды. Видеода көрініп тұрғандай, итбалық адамдарға шабуыл жасау ниетінсіз, қызық көріп жақындаған.

Бұл факті бойынша Маңғыстау облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы облыстық полиция департаментіне хат жолдады. Онда жануарды қорлаған адамдарды анықтап, жауапкершіліке тарту жөнінде айтылған.


Соңғы жаңалықтар