Маңғыстауда итбалықтардың қырылуына байланысты зерттеу жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Каспий теңізінде 50-дей итбалықтың денесі табылды. Осыған байланысты итбалықтың қырылу себебін зерттеу жүргізіледі, деп хабарлайды ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі.

«2022 жылы 26 сәуірде әлеуметтік желілердегі ақпаратқа мониторинг жүргізу барысында Каспий теңізінің жағалауында «Қаражанбас» кен орнының су бөгеті маңында өлі итбалықтардың 50-ге жуық ұшасы табылғаны туралы ақпарат анықталды. Оқиға орнына Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторлары шұғыл аттанды» делінген хабарламада.

Жауапты мемлекеттік органдар арасында су жануарларының жаппай қырылу және қауіп-қатерін анықтау үшін жұмыс тобы құрылып жатыр.

«2022 жылы 26 сәуір сағат 23:00-ге дейін келіп түскен ақпаратқа сәйкес, теңіз жағалауының әрбір жерінде жатқан 22 өлі итбалық табылды. Итбалықтардың өлу себебін анықтау үшін жануарлардың ұшаларын зертханалық тексеруге алу мүмкіндігі қарастырылуда. Маңғыстау облыстық балық инспекторлары балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметімен бірлесіп, Каспий теңізінің жағалау аймағы мен басқа да учаскелерін бақылауда. Зерттеу жүргізу үшін бірнеше итбалықтан, теңіз суы мен топырақтан сынама алынған. Олар Экология департаменті мен ветеринарлық қызметіне тапсырылады» деп хабарланды ведомстводан.

27 сәуірде аталған орган қызметкерлері оқиға орнына барады.

Сонымен қатар, аталған факті туралы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Микробиология және вирусология институты» зертханасының қызметкерлеріне, сондай-ақ «Гидробиология және экология институты» Батыс Қазақстан мекемесінің қызметкерлеріне хабардар етілді. Жағалауды бақылау жұмыстары жалғасуда.


Соңғы жаңалықтар