18:59, 15 Ақпан 2020 | GMT +6
Маңғыстауда ірі жол апаты болды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыр- Қызылтөбе ауылы бағытында болған ірі жол апаты салдарынан 3 адам қаза тауып, 3 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сағат 10-дар шамасында екі көлік соқтығысып, біреуі жанып кеткен.
Жол апаты салдарынан Мұнайлы ауданының тұрғындары 40 жастағы ер адам мен 35 және 42 жастағы әйелдер оқиға орнында қаза тапқан. Ал, 3 адам облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.
Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың жағдайы ауыр.
«1995 жылы туған 2 жігіт және 1975 жылғы ер адамға жабық ми жарақаты, кеуде тұсының жаралануы диагноздары қойылды»,-делінген хабарламада.
Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енгізілген.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабы, 4-бөлімі бойынша іс қозғалып, сот медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізілуде»,-делінген хабарламада.