Маңғыстауда ғалымдар Бозжыра шатқалының экологиялық жағдайын талқылады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтауда Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, сонымен қатар Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға экологтар, зоологтар, биологтар Нұр-сұлтан, Алматы және Маңғыстау облыстарының ғалымдары, және қоғам өкілдері шақырылды.

Онда Маңғыстау облысының туризм кластерін дамыту, оның ішінде экологиялық мәселелері талқыланды.

Қатысушылардың әрқайсы алдын ала зерттеген жұмыс нәтижесімен өз тұжырымдамаларын жасады.

​Басқосуда бірінші кезекте Бозжыра аумағында туристік нысандар салу тақырыбы көтерілді.

Естеріңізге сала кетейік, қараша айының басында шетелдік инвестор онда қонақ үй салуды, сол арқылы келетін туристерге жағдай жасауды ұсынған болатын.

​Сондай-ақ, бұл кездесуге Мәдениет және спорт министрлігінің шақыртуымен Англияның қала құрылысы институтының мүшесі «Urban Living» ЖШС плэйсмэйкинг жөніндегі директоры Рикардо Марина қатысты.

Ол Маңғыстау облысының сұлу табиғаты мен ерекше көркемдігіне қызығушылық танытып, бірегей мекенді өз көзімен көруге арнайы келген.

​«Бозжыра - бұл жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, сонымен қатар басқа да шет елдердің туристері үшін жаңа, зерттелмеген табиғи нысан. Біз көрген мұндағы жолдар менеджменттің қалыптаспағанын көрсетіп тұр. Адамдар беталды бағытта қозғалады. Егер қонақ үйдің ресурстары шатқалды қорғауға, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, инвесторлар жобаны қоршаған ортаға деген қамқорлықты ескере отырып, оған зиян келтірместен жүзеге асырса және қалдықсыз механизм құрылса, онда бұл идея қолдауға тұрарлық», - деді сарапшы.

​Ал, жергілікті эколог маман Орынбасар Тоғжанов Маңғыстауда «жабайы» туризмнің дамуына алаңдаушылық білдірді.

​«Бозжыраға келушілер саны жыл сайын еселеп артуда. «Жабайы туризмді» тәртіпке салып, «экологиялық туризмге» айналдырмаса, ретсіз жылжыған автокөлік ағыны жанды және жансыз табиғаттың түбіне жететіні анық. Сонымен қатар бірқатар азаматтар ұсынғандай туристік қабылдау орнын 10-50 шақырым қашықтан салудың тиімсіз. Себебі алыстағы туристік қабылдау орнында тұрып, дала жолымен туристердің қандай көлікпен, қай жақтан келгенін, қалай жүргенін, не жасап жатқанын, т.б. әрекеттерін бақылау, реттеу мүмкін болмайды. Егер мұндай орын тым қашықта болса, Ақтаудан екі-үш сағатта жетіп баратын теп-тегіс жолда көпшілік оған тоқтамай-ақ, бірден Бозжыраға тартары сөзсіз» дейді О.Тоғжанов.

​Бұл бағыт бойынша әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесі туралы «Kazakh tourism» ҰК « АҚ Басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев айтып берді.

Оның айтуынша, жаппай туризмді осы кезеңде ұйымдастыру қажет, өйткені жыл басынан бері Маңғыстаудың көрікті жерлеріне жеке көлікпен 40 мыңнан астам турист келген.

​Жиын соңында Қазақстанның жетекші экологтарының, туризм саласындағы сарапшылары Бозжыраның «азу тістеріне» көлікпен кіруге шектеу қоюға келіп тірелді.

Себебі, осы көліктер аймақтың экологиясы мен келбетіне кері әсер етеді.

Эколог Кирилл Осин де осы пікірді қолдап отыр. Ол Үстіртте гипс тәріздес борпылдақ топырақ болғандықтан ерекше күтімді қажет ететінін аймақ және онда өткен көліктердің ізі ондаған жылдар бойы сақталатынын айтады.

​«Онда көлік қозғалысын бақылап, тұрақты дала жолдарынан шығуға тыйым салу қажет. Себебі, үстірт аймағында бүгінгі күні болып жатқан қозғалыстар, қонақ үй құрылысын салудан кем зиянын тигізіп жатқанжоқ. Бейберекетсіз жүрген темір тұлпарлар, көлік іздері, қоқыс, қатты музыка, тамақ дайындаудан қалған орындар, мұның бәрі бүгінгі көрініс. Туристер ағынын реттеу қорықтың аумағын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтаудың негізгі аспектісі бола алады және болуы керек», - дейді К.Осин.

​Ш.Есенов университетінің профессоры Ақмарал Серікбаева туризм саласын дамыту қажеттігін атап өтті, себебі бұл бағыт өңір экономикасына, оның ішінде өскелең ұрпақтың болашағына оң әсерін тигізеді.

Оның айтуынша, өңірде көптеген мамандар дайындалуда. Егер жаңа туристік нысандар салынса, жүздеген түлектер өз мамандығы бойынша дами алады.

​«Маңғыстау облысында туризм дамудың бастапқы сатысында тұр. Өңірде экологиялық туризмді дамыту экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуға ықпал ететін болады, бұл қазіргі уақытта маңызды. Ол үшін озық технологияларды пайдалану, жергілікті халықты жұмыспен қамту, Маңғыстау облысының жергілікті дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық мәдениетті сақтау және пайдалану қажет», - деп толықтырды сөзін Ақмарал Серікбаева.

​Кездесу соңында жиынға қатысушылар туризмді дамытудың маңыздылығы мен Бозжыра шатқалы орналасқан табиғи қаумалдың шекарасынан тыс жерге нысандарды салу бойынша бірнеше ұсыныстар айтылды.

Айта кетейік, бұған дейін эколог Орынбасар Тоғжанов Бозжырада жабайы туризм белең алып жатқанын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар