Маңғыстауда Ғ. Мүсірепов атындағы театрдың гастролі өтіп жатыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау сахнасында Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры үздік туындыларын сахналауда. Каспий маңы елдерінің II халықаралық фестиваліне келген өнер ұжымы "Шыңырау" драмасын көрермен назарына ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау өлкесіне Каспий маңы елдерінің II халықаралық фестивалі аясында келген 73 жылдық тарихы бар Ғ. Мүсірепов атындағы өнер ұжымы - ұлттық және әлемдік туындыларды халыққа кеңінен ұсынып, көрерменнің көзайымына айналған театр. 

Алғашқы күні өнер ордасы көрермен назарына өмірдің тауқыметін көріп, шыңырауға түскен адамдардың тағдыры туралы баяндалған «Шыңырау» спектаклін қойды. Спектакльде үміті үзілген адам, сағы сынған пенделер, адал жолдан адасып, өмірден баз кешкен тұлғалар мен олардың жан айқайы суреттеледі. Міне, осы көріністер арқылы режиссер қазіргі қоғамның ащы шындығын көрсеткісі келген.

«Өнер жолында жүріп, халықтың ықыласына бөленген актер, бірі ақын, бірі биші, әнші болған пенделердің қасіреті суреттеледі. Кейіпкерлердің көбі шыңыраудың түбіне түскендер. Мысалы, мен сомдаған актер кезінде Гамлетті ойнаған, танымал болған. Өнерін ешкім бағаламағаннан кейін ішіп, маскүнемдік жолға түсіп кеткен. Ол осы қиындығынан арылғысы келеді. Айтқымыз келгені, қазіргі қоғамда сәтсіздікке ұшырап, дүние-мүлкін сатып, отбасынан айырылған азаматтар бар. Міне, солар уақытша сынақты жеңе білуі керек»,-дейді театр әртісі  Ербол Ыдырысов.

Пьесаның қоюшы режиссері - Данияр Базарқұлов. Қойылымда 15 актер ойнайды. Әртістер 4 ай дайындалыпты. Қойылым бірде монолог, бірде диалог ретінде өрбиді. Спектакль осыған дейін біраз фестивальдерге қатысып, театр майталмандарының жоғары бағасын алып үлгерген. Театр директоры осы жолы да мықты дайындықпен келгенін айтты.

«Республикалық фестивальдерден жүлделі орындар алып жүрміз. Біздің репертуарымыздағы ең жақсы спектакльдердің бірі.  Біздің театр 17 қыркүйектен бастап, гастрольдік сапарда жүр. Мықты әртістеріміз Маңғыстауға келеді. Лидия Кәденова секілді танымал актриса, актерлеріміз өнер көрсетеді»,-дейді театр директоры Сәбит Әбдіхалықов.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры - шоқтығы биік қойылымдары және дарынды өнер майталмандарымен бірге маңғыстаулық көрерменмен қауышатын сәтті асыға күтеді.

Еске сала кетсек, 18, 19, 20 қыркүйекте сағат 11.00 және 13.00-де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Латын әліпбиіне көшу» бастамасын қолдау мақсатында жаңадан сахналанған «Әріптер әлеміне саяхат» ( авт. Ә.Байбол ) атты балаларға арналған музыкалық-танымдық ертегісі, 18 қыркүйекте «Мен, ұмытылмаймын...» ( авт. М.Мақатаев ) лирикалық драмасы қойылады.

Ал 19 қыркүйекте көрермендер «Енелер мен келіндер» ( авт. С.Балғабаев ) комедиясын, 22 қыркүйекте «Келіндер көтерілісі» ( авт. С.Ахмад ) комедиясын тамашалайды.

Сондай-ақ  Жаңаөзен қаласының тұрғындары 20, 21 қыркүйек күндері қойылымдарды «Мұнайшы» мәдениет сарайының сахнасынан көре алады. 

Соңғы жаңалықтар