Маңғыстауда ертең Астана қаласының мәдени күндері басталады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау өңірінде 26-28 мамыр аралығында Астана қаласының мәдени күндері өтеді. Бірегей жоба елорданың 20 жылдығына орайластырылған, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Үш күн бойы елордалық әртістер концерт қойып, «Жастар» театры "Қыз жібек", "Жанарымдағы жалғыз әуен", "Асауға тұсау" қойылымдары мен балаларға арналған ертегілер қояды. Спектакльдерге ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев, Түңғыш Президент Қоры - Елбасы сыйлығының иегері Дәурен Серғазин қатысады.

«Киелі Маңғыстау еліне кеп қалдық. Енді осында бірнеше күн бойы өзіміздің өнерімізді, қойылымдарымызды Ақтау жұртшылығына паш етпекпіз. Үздік мюзиклдеріміз бар. Кішкентай бүлдіршіндерді де ұмыт қалдырмадық. Соларға да қойылымымыз бар. Осы спектакльдерімізбен Ақтауға келдік»,-деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Дәурен Серғазин.

Сонымен қатар, 27 мамырда «Астанадан ақ тілек» атты гала-концерт болады. Оған мемлекеттік академиялық филармония, Қазақ оркестрі, «Шалқыма» халық биі ансамблі,  Айгүл Қосанова, Ринат Малцгов, Алмас Кішкенбаев, Тамара Асар сынды қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары қатысады. Сол күні кешке сағат 8.30-да теңіз жағалауында Open air шарасы өтеді. 

 Сондай-ақ, Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында 50 қазақстандық суретшінің 100-ге жуық еңбегі қойылған көрме ұйымдастырылады. Экспозиция үш күн қатарынан сағат 10-нан кешкі 8-ге дейін болады.

Мәдени шара 28 мамырда сағат 19.00-де Абай Құнанбаев атындағы мәдениет атындағы сарайда «Елордадан елге сәлем!» концертімен аяқталады. 

Соңғы жаңалықтар