Маңғыстауда электр бағанының маңында ойнап жүрген бала комаға түсіп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Атамекен ауылында үйге қарсы беттегі электр бағанының маңында ойнап жүрген бала зардап шеккен. Данияр үш тәулік бойы комада жатқан. Оқиғаның мән-жайын арнайы комиссия анықтауда. Бұл туралы «Маңғыстау Энерго» компаниясы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүлдіршін бетон бағаннан шығып тұрған темір арқауды ұстаған сәтте тоқ соққан. Баланың айқайлаған даусын естіп, 8 жасар Даниярдың әжесі көмекке келген. Оны да тоқ соққан.

«Мен көшеге жүгіріп шыққанда, ұлым ес-түссіз жатты. Оның жанында көрші балалар тұрды. Олар Даниярды осы бағаннан тоқ соққанын айтып берді. Мен оқиғаның қалай болғанын бірден түсіне қоймадым. Жерден ол ұстаған темір шығып тұрды. Сымдар да салбырап тұрды. Жақын маңда медбике жүрген екен. Сол сәтте оның жүрек соғысы баяулай бастаған. Ол жүрегіне массаж жасап, жасанды тыныс берген. Кейін жедел жәрдем келді», - деді Даниярдың анасы.

Бала комаға түсіп, 3 күн жансақтау бөлімінде жатқан. Бүгін оны шығарды, бірақ баланы бір ай бойы кардиолог, невропатолог және психолог тексереді.

Сол кеште жұмыс тобы келіп, бірнеше сағат бойы ақауды қалпына келтірді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.

«Шоғырсым тіректің қамытына құлап, ол қамытта электр тоғы болғаны анықталды. Ал, қамытқа жерлендіруші сым бекітілген. Арнайы комиссия құрылды. Әр қызметкердің әрекетін егжей-тегжейлі тексереміз», - деп хабарлады «Маңғыстау Энерго» МҚК директорының міндетін атқарушы Көмек Меделов. 

Соңғы жаңалықтар