Маңғыстауда екі компания 4,6 млрд теңгенің жалған бухгалтерлік құжаттарын жасаған

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында мемлекетке 760 млн теңгеден астам шығын келтірген екі компания қызметкерлері сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қолма-қол ақшаға айналдыратын» компаниялар тауарларды сатпайды және қызмет көрсетпейді, бірақ қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, басқа фирмаларға ақшалай сыйақыға жалған құжаттар жасайды.

Бұл заңсыз әрекеттерді жасағаны үшін ҚР ҚК 216-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік жүктеліп, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», делінген хабарламада.

Агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаменті материалдық сыйақы үшін жалған шот-фактураларды жазып берудің екі дерегін анықтаған.

«Бірінші жағдайда кәсіпкер Ә.Қосбармақов Жаңаөзен қаласында «Өзен-Ақжол» ЖШС және «Қосбармақов Әділет Аманкелдіұлы» ЖК атты екі компания құрды. Жүк тасымалы және қызмет көрсету бойынша негізгі қызметтің орнына екі кәсіпорын атынан 3,1 миллиард теңгеден астам сомаға 7 компанияға жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып беру жүзеге асырылған», деп мәлімдеді ведомстводан.

Осыған ұқсас дерек Ақтау қаласында да анықталған.

«И.Агатаев пен М. Әбілев «Бөрі Ақтау» ЖШС-ын құрып, бір топ тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы іс жүзінде жұмыстар орындамай және қызметтер көрсетпей, 1,5 миллиард теңгеден астам сомаға шот-фактуралар жазып берген», делінген хабарламада.

Осы компаниялардың заңға қайшы әрекетінің нәтижесінде мемлекетке төленбеген салық түрінде 767 миллион теңгеден астам залал келтірілген. Агенттіктің мәлімдеуінше, барлық кінәлі адамдар әртүрлі мерзімге сотталған.


Соңғы жаңалықтар