Маңғыстауда болашақ дәрігерлерді даярлауға көп грант бөлінуде

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Былтыр Маңғыстауда білім және медицина салаларындағы кадр тапшылығын жабу үшін 175 білім гранты бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жыл сайын Маңғыстау облысында басым мамандықтар бойынша арнаулы дайындыққа жергілікті бюджеттен білім гранты бөлініп, конкурстық негізде тағайындалады.

Бұл гранттың басым бөлігі халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан түлектерге беріледі.

Биылғы оқу жылында жергілікті бюджеттен еліміздің 18 университетінде білім алуға 175 грант бөлінді.

Келесі оқу жылында қандай бағыттар бойынша гранттар бөлінетіні туралы 2023 жылдың көктемінде өтетін конкурстық комиссияның отырысында облыстың сала басқармаларының сұранысы негізінде шешіледі.

Жергілікті бюджеттен бөлінген білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін түлектер облыстық білім басқармасында құрылған қабылдау комиссиясына өтінім тапсырады.

Грантты тағайындау бойынша шешімді әкімшілік жанындағы арнайы комиссия қабылдайды. Еліміздегі жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүргізіледі.

Өткен оқу жылында Маңғыстауда 175 түлек жергілікті бюджеттің есебінен ЖОО-ға түсті.

2018 жылдан бері 600 студент еліміздегі маңдайалды университеттерде кәсіби білім алып жүр. Кейін олар оқуын тәмамдаған соң Маңғыстау аймағында қызмет ететін болады.

Аймақтағы денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы ескеріліп, 2022 жылы облыс әкімі грантының 85,7 пайызы «жалпы медицина» мамандығына бөлінді.

Атап өтер болсақ, 2018 жылы - 150 бакалавриат, 25 магистратураға, 2019 жылы - 165 бакалавриат, 10 магистратураға, 2020 жылы - 170 бакалавриат, 5 магистратураға, 2021 жылы - 165 бакалавриат, 10 магистратураға және 2022 жылы – 175 бакалавриатқа грант бөлінді.


Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі


Соңғы жаңалықтар