Маңғыстауда биыл түрік инвесторларының қатысуымен ірі екі жоба іске қосылады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда жыл соңына дейін түрік инвесторларының қатысуымен ірі екі жоба іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың Түркияның Ақтау қаласындағы Бас консулы Мұзаффер Ақылдырымды қабылдауында белгілі болды.

Кездесу барысында Маңғыстау облысы мен Түркия арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері, инвестициялық мүмкіндіктер мен өңіраралық кәсіпкерлікті дамыту перспективалары талқыланды.

Түркия өңірдің сыртқы сауда байланыстарында маңызды рөл атқарады. Осы жылдың қаңтар-тамыз аралығында облыс пен Түркия сауда айналымы 93,1 млн долларды құрады. Оның ішінде экспорт - 52,4 млн доллар.

Айта кетсек, Маңғыстау облысының аумағында түрік капиталының қатысуымен экономиканың т үрлі салаларында 86 кәсіпорын тіркелген.

Сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін Ақтау іргесіндегі «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық құны 100 млрд теңге болатын 2 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. «Сауда қалашығы» мен «Гольф-клуб» демалыс кешенінің ашылуы 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі жергілікті атқарушы орган өкілдері екі ел арасындағы іскерлік байланысты одан әрі дамыту үшін барынша жұмыс істейтінін жеткізді.

Түркияның Ақтау қаласындағы Бас консулы да өз кезегінде жемісті әріптестікті ары қарай жалғастыруға дайын екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар