Маңғыстауда биыл Амал мерекесі қалай тойланады
Амалды тойлау наурыздың 13-і күні басталады. Мерекелік шара Ақтаудан 100 шақырым жердегі «Отпан тау» мәдени кешенінде өтеді. Мұнда жыршы-термешілердің концерті, ат бәйгесі, балуандар күресі мен түрлі шаралар ұйымдастырылып, ақшаңқаң киіз үйлер құрылады.
25 шақырымдық аламан бәйге мен 9 шақырымдық құнан жарыс және аударыспақ ойыны Шетпедегі атшабарда осы күнге белгіленген.
Күндіз қарашаңырақта Жетісу, Арқа, Сыр, Батыс, Алтай-Тарбағатай жыр мектептері өкілдері мен «Мен қазақпын» мега жобасы жүлдегерлерінің қатысуымен концерттік шара ұйымдастырылады. Ал, кешке қарай дәстүрлі әнші-жыршылар А. Көмековтың, А. Елшібаева, Ә. Сарин, Ш. Сүлейменов, Н. Жанаманов, Ө. Айниязовтың қатысуымен жыр кеші болады. Сонымен бірге, «Алтыбақан» этнографиялық ұжымының қойылымы сахналанып, кешкі сағат 8-де «Бірлік» оты жағылады.
14 наурыз күні аудан өнерпаздары мен «Отпан» фольклорлық ансамблі және облыстық филармония әртістерінің қатысуымен концерт болады. Осы күні республика қолөнершілерінің және Ақтау қаласындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің көрме-жәрмеңкесі мен көкпар, қазақ күресі, гір көтеру сынды ұлттық спорт жарыстары болады.
Отпан таудың басында ұйымдастырылатын Амал тойына барамын деушілерге аудан орталықтарынан және Жаңаөзен, Ақтау қалаларынан арнайы көліктер ұйымдастырылады.