Маңғыстауда ауруханада емделіп жатқан 1025 науқас дауыс беру мүмкіндігіне ие болды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда ауруханада ем қабылдап жатқан 1025 науқас дауыс беру мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығы таратқан мәліметке сүйенсек, Маңғыстау облыстық ауруханасы – 253, облыстық перинаталдық «Ана мен бала» орталығы – 265, ал қалған 507 сайлаушы облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, Ақтау қалалық перинаталдық орталығы, модульдік инфекциялық стационар және «Арчимед» медициналық клиникасында дауыс береді.

№ 41 сайлау учаскесінің төрағасы Нәдірқожа Мусаевтың айтуынша, сайлау кезінде белсенділік жоғары екендігі байқалады.


Тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлеріне кезекшілік ұйымдастырылған және екі жерге бейнекамера орнатылған.

Сайлау учаскесінде төраға, оның орынбасары, хатшы және комиссия мүшелері бар.

Айта кету керек, ауруханаларда жатып ем-дом қабылдап жатқан науқастарға комиссия мүшелері сайлау жәшігімен палаталарына барып, дауыс беруіне мүмкіндік жасады.

«Маңғыстау облысы бойынша денсаулық сақтау мекемелері сайлауға тыңғылықты дайындалған. Ақтау қаласында орналасқан облыстық ауруханада № 41 сайлау учаскесі өз жұмысын таңертең сағат 07:00-де бастады. Ем қабылдап жатқан науқастарға барлық жағдай жасалған. Антисептик пен бетперде таратылды» деді ол.


Өз мүмкіндігін пайдаланған аналардың бірі - Әйгерім Мырзабайқызы облыстық перинаталдық орталықта күні кеше тұңғыш сәбиін өмірге әкелді.

Оның айтуынша, сайлауға белсенді қатысу әрбір адамның азаматтық парызы.

«Сайлаушыларға «Ана мен бала» орталығында барлық жағдай жасалғанын айта кеткім келеді. Әсіресе қазіргі пандемия жағдайында инфекциялық аурудың алдын-алу бойынша профилактикалық шараларға көбірек мән берілген. Сол үшін осы мекемеге алғыс айтамыз, өз таңдауым бойынша дауысымды бердім, барлық сайлауға қатысушыларға сәттілік тілеймін», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар