Маңғыстауда Алтын Орда дәуіріндегі ескерткішті ластағандар жазаға тартылады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысындағы Кетікқала тарихи қалашығы шашылған қоқыс салдарынан адам танымастай өзгеріп кеткен. Археолог Андрей Астафьев Алтын Орда кезеңіндегі тарихи орынның сақталуы жағдайына шолу жасады. Осы орайда ол өзінің You-Tube-арнасында ескерткіштің қазіргі жағдайын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі кезде тарихи әрі мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімінде 590 ескерткіш бар, яғни оның 570-і жергілікті және 20-сы республикалық маңызда. Кетікқала қалашығы археологиялық ескерткіш санатына енген.

2021 жылдың 28 сәуірінде заңнама талаптарына сәйкес Форт-Шевченко қаласы әкімдігі мен Маңғыстау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы арасында ескерткішті қорғау туралы міндеттеме бекітілген.

Құжатқа сәйкес Форт-Шевченко әкімдігі санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға міндетті саналады. Бұл тұрғыда аталған мәселе бойынша осы қаланың әкімі аппаратына тиісті хат жолданды. Сонымен қатар әкімдік тарихи ескерткіштер аумағын тазартуға арналған сенбіліктер өткізіп келеді.

Алайда заңнамада ежелгі қалашықтар аумағына баруды реттейтін ережелер ескерілмеген. Маңғыстау облысының мәдениет басқармасы Кетікқала аумағын ластаған адамдар анықталғаннан кейін, олар жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Осы орайда басқарма қызметкерлері тиісті жұмыстарға кірісіп кеткен.

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы ескерткіштердің сақтаулы жағдайына жыл сайын мониторинг жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша тарихи ескерткіштерді сақтау үшін тиісті ұсыныстар енгізіледі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Маңғыстаудың тарихын жүйелеуге шетелдік ғалымдардың қатысуымен кешенді ғылыми зерттеулер, халықаралық деңгейдегі экспедициялар ұйымдастырылатыны жазылған еді.


Соңғы жаңалықтар