Маңғыстауда әлеуметтік топтарға 252 грант бөлінеді

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда әлеуметтік осал топтағы жандардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында 252 грант бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін гранттарға бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, 990 адам грант иегері атанған.

Биыл да атаулы гранттар халықтың осал топтарынан шыққан азаматтарға 400 АЕК- дейінгі мөлшерде (1 380 000 теңге) жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға беріледі.

«Конкурсқа қатысу үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін аяқтау туралы сертификатыңыз болуы міндетті. Бұл сертификатты кез келген уақытта skills.enbek.kz платформасында ұзақтығы 14 күнді құрайтын онлайн оқу арқылы ала аласыз. Ал, грантқа өтінім беру үшін business.enbek.kz порталына тіркеліп, нұсқаулыққа сәйкес амалдарды орындау керек», - деді Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопанов.

Гранттар нысаналы мақсаты бойынша, қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға және сауда объектілерін жалға алуға бөлінбек.


Соңғы жаңалықтар