Маңғыстауда әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысан жөнделеді

None
None
  АҚТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Маңғыстау облысында бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысан арнайы жөндеуден өтеді. Қаражат облыстық бюджеттен қарастырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қайта жаңартылатын ғимараттардың санатында Бейнеу ауданындағы орталық стадион, Жетібай ауылындағы кітапхана мен дәрігерлерлік амбулатория бар.

Облыс бюджетінің негізгі бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Мәселен, Ақтау қаласындағы «Жас батыр» спорт мектебінің жөндеу жұмыстарына 20 млн теңге қарастырылса, Басқұдық ауылының ауылішілік жол құрылысының құжаттамасын дайындауға 20 млн теңге бөлінген. Қазынадан бөлінетін қаражат ауылішілік су құбырын тартуға да жұмсалады. Айталық, Таушық ауылындағы 465 жер учаскесінің су құбырын жүргізуге 74 млн теңге, Сайын Шапағатов ауылының 6-шы кварталына су және электр желілерінің құжаттарын дайындауға 11 млн теңге қаражат көзделген. Сондай-ақ, ауылдарға интернет желісін тарту да назардан тыс қалмаған.

«Маңғыстау ауданы бойынша интернет байланысының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қашықтығы 130 шақырымды құрайтын «Шетпе-Қызан-Ақшымырау» және қашықтығы 95 шақырымды құрайтын «Шетпе-Тұшықұдық-Шебір» бағытында талшықты оптикалық байланыс желісін тартуға жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға қаржыны толықтай қоюды ұсынамыз»,-деді Маңғыстау облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Нарешова.

Бюджетке енгізілген өзгерістерді депутаттар да бірауыздан қолдады.

Осылайша әлеуметтік салаға бағытталған қаржы нақтыланды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов енді осы қаражатты төкпей-шашпай діттеген жеріне жеткізу керектігін тапсырды.

Соңғы жаңалықтар