Маңғыстауда 9 жасар бала тоққа түсіп ажал құшты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында 9 жасар бала жерде ашық жатқан электр желілерінің кесірінен көз жұмды. Жоғары кернеу баланы аспанға лақтырып жіберген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Lada.kz сайтына сілтемемен.

Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандар маңайда ойнап жүрген балаларды байқамаған. Баланың ата-анасы техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтамаған мердігерлерді кінәлап отыр. Аталған фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Оқиға Мұнайлы ауданының Дәулет ауылында 14 сәуір күні 16:00 шамасында болған. Ауыл балалары әдеттегідей қырда ойнап жүрген.

«Жерде жатқан электр сымын Эльдар ойнап жүріп қолына ұстаған. Дәл осы кезде құрылысшылар сымды тарта бастаған. Олар баланы сыммен бірге жоғары көтеріп әкеткен. Мен үйде болатынмын, жағдайды бірге ойнап жүрген балалар келіп айтты. Ұлымды өлі күйінде тауып  алдым», - дейді Эльдардың әкесі Саламат Құлбеков.

23 сәуірде Элдар 10 жасқа толады екен.

«Бұл сол жердегі құрылысшылардың немқұрайлылығы. Жоғары кернеулі желілер ашық-шашық жатыр. Баламның өліміне кінәлі адамдардың жазалануын сұраймын», - дейді  көз жұмған ұлдың анасы.

Электр желілерін тарту жұмыстарын «Алнур ПВ» ЖШС жүргізіп жатқан. Компанияға қатысты ҚР ҚК 277-бабы «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзудің қауiпсiздiк қағидаларын бұзу»  бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

«Аталған нысанның тапсырыс берушісі «МРЭК» компаниясы, мердігер - «Алнур ПВ» ЖШС. Қазір тексеріс шаралары қолға алынды. Оқиға орнында жұмыс істеген техника айып тұрағына қойылды. Баланың ата-анасына қайғырып көңіл айтамыз», - деді Дәулет ауылы әкімінің орынбасары Нұрберді Беков.

Құрылысшылар оқиғаға қатысты жауап беруден бас тартты.

ҚР ҚК 277-бабы («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзудің қауiпсiздiк қағидаларын бұзу») белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды қарастырады. 

Соңғы жаңалықтар