Маңғыстауда 80 мыңнан астам адам тұмауға қарсы вакцина алды

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы бойынша бүгінгі таңда 83 308 адам тұмауға қарсы екпе алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда облыста 90 мың адам «Гриппол плюс» вакцинасын алуға жоспарланды. Халықтың 11%-ін құрайды. Қазіргі таңда 83 308 (92,5%) адам екпемен қамтылды. Егілгендер арасында 14 жасқа дейінгі балалар, медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, қарттар үйіндегі кісілер, созылмалы аурулары бар адамдар және 15 жастан жоғары мектеп оқушылары бар. Тұмауға қарсы екпе тегін жүргізіледі», - деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева.

2022-2023 жылдардағы эпидемиялық маусымға жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 90 мың доза «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынған.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2022 жылғы 19 қыркүйектегі №30 қаулысына сәйкес, медициналық ұйымдарда ағымдағы жылдың 3 қазанынан бастап тұмауға қарсы жоспарлы вакцинация жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, биылғы эпидемиялық маусымда жедел респираторлы вирусты инфекцияның бүгінгі күнге дейін 2408 жағдайы тіркелген. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны - 1600.


Соңғы жаңалықтар