Маңғыстауда 765 ата-ана баласына екпе салдырудан бас тартқан

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Өткен жылы өңірде ата-анасы екпе салғызудан үзілді-кесілді бас тартқан 765 бала тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың дені - 2-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер. Әсіресе, Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласы тұрғындары жиі қарсы болады.

Сәбит Амангелдіұлы - 4 баланың әкесі. Балаларына екпе салғызуға үзілді-кесілді қарсы. «Ауру да, шипасы да - құдайдан» деп туғалы сәбилеріне вакцина салдырмаған. Өйткені, сапасына сенбейді. Сондықтан медициналық ұйымдарға екпеге қарсы екенін жазбаша түрде де растап беріпті.

«Балалар мүгедек болуда. Оны салатын дәрігерлер де тапшы. Халықтың бәрі біледі ғой. Екпесіз де өсіп жатыр. Өзіміз де өстік. Өлген жоқпыз. Аяқ-қолы істемей қалғандар, жүгіріп жүріп жүре алмай қалғандар бар. Дұрыс тамақтанып, баланы қадағалау керек»,-дейді Сәбит Амангелдіұлы.

Өңірде Сәбит сияқты екпеден бас тартқан ата-аналар жыл сайын артып келеді. Мамандардың айтуынша, көпшілігі діни көзқарасына байланысты бас тартады. Әлеуметтік желіде желдей ескен түрлі кертартпа ақпарат тағы бар. Кейбірі баланың есейгенін күтеді. Десек те, мамандардың айтуынша, бұл - үлкен қателік. «Екпе салудан қашпаңыздар» дейді олар.

«Қазіргі кезде әртүрлі аурулар бар. Қызылша жұқтыру жағдайы 2018 жылдан бері тіркелуде. 2019 жылдың өзінде 1422 қызылша ауруы тіркелді. Соның 60% - екпе егілмеген балалардың арасында тіркеліп отыр. Қызылшаға қарсы 2 екпе салынады - 1 жасында және 6 жасында. Бәрін алмаса, толық иммунитет қалыптаспайды. Екпені толық алуға шақырамыз»,-дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлшат Шорбасова.

Екпе елімізде тегін жүргізіледі. 21 ауруға қарсы вакцина бар. Үкімет бұл мақсатқа қыруар қаржы бөлді. Мәселен, 2019 жылы бір ғана тұмауға қарсы екпеге 45 млн 700 мың теңгеге жуық қаражат бөлінген.


Соңғы жаңалықтар