Маңғыстауда 500 ірі шаруа қожалығына қаржылай қолдау көрсетілді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысындағы 500 ірі шаруа қожалығы мен 6 мыңға жуық тұрғынның төрт түлігіне қаржылай қолдау көрсетілді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл мәлім етті.

Оның айтуынша, өңір басшысы Серікбай Трұмовтың бастамасымен қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қаржылай қолдау көрсету үшін үкімет резервінен 1,9 млрд. теңге бөлінді.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Үкімет резервінен Маңғыстаудағы ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд. теңге мөлшерінде қайтарымсыз қаражат бөлінген болатын.

Қазіргі таңда бөлінген қаражаттың 50% игерілді яғни, 5275-ге жуық жеке қосалқы үй шаруа қожалықтарына 611,3 млн. теңге және 500 шаруа қожалығына 277,4 млн. теңге қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілді», -деді ол.

Серік Қалдығұлдың мәліметінше, қалған 1 млрд теңге қыркүйек айында игерілмек.

Бұдан басқа өңір шаруаларына тағы да алдағы қазан-қараша айларында жергілікті бюджеттен 700 млн. теңге бөлу жоспарланып отыр.

«Бұл қаражат ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» № 108 бұйрығына сәйкес субсидия ретінде берілмек. Қазіргі уақытта шаруаларды жем-шөппен қамтамасыз етіп, мал азығы тапшылығын жою мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр»,- деді ол.

Жергілікті бюджеттен 150 млн. теңге бөлініп, «Каспий» ӘКК АҚ-ы арқылы аталған қайтарымды қаржыға 15 шілдеден бері әр қала, аудандардан тағайындалған операторлар қажеттілігіне қарай шөп тасымалдап жатыр. Бүгінгі күнге дейін 1 мың тоннаға жуық шөп сатып алынды. Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін жалғасады.

«Жергілікті бюджеттен 54 млн теңге бөлініп, қайтарымды қаражатқа аудандардан тағайындалған операторлар Қостанай облысынан 546 тонна арпа жеткізді. Қазіргі таңда арпа түгел сатылып, айналымдағы қаржыға тағы мал азығын сатып алу жұмыстары жалғасып жатыр»,- деді С. Қалдығұл.

Сонымен қатар 107 млн теңгеге 15 вагон 3-4 сортты бидай (бидай қалдығы) сатып алынды. Сұранысқа сәйкес алдағы онкүндікте тұрғындарға ұсынылады.

Жалпы жыл басынан бері өңірге 37 500 тонна шөп тасымалданды. (оның 30 000 тоннасы өзге аймақтардан, 4 000 тоннасы жергілікті жерден шабылды). Ал 3500 тонна шөп (140 вагон) өзге өңірлерден көмек ретінде жеткізіліп, қуаңшылықтан зардап шеккен мал иелеріне тегін үлестірілді. Ал, өңірге тасымалданған жем көлемі 22 мың тоннаны құрады.


Соңғы жаңалықтар