Маңғыстауда 500-ге жуық отбасы баспаналы болды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 478 отбасына жаңа пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға Маңғыстау облысының әкімі   Ералы Тоғжанов,  «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Руслан Кәкім қатысты.

Қазақстан Ипотекалық Компаниясы Ақтау қаласының 55 жылдық мерекесі қарсаңында кезекте тұрған 478 отбасына 161 бір бөлмелі, 237 екі бөлмелі және 80 үш бөлмелі пәтердің кілттерін табыстады. Жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйдің жалпы ауданы - 26 122,4 шаршы метр. Пәтерлер таза әрлеуден өткен. Барлығында  қажетті коммуникациялар мен газ плитасы және сантехника орнатылған. Жаңа тұрғын үй Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жер» бағдарламасының «Сатып алумен жалға беру» бағыты аясында жүзеге асып отыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша елімізде 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған. Сонымен бірге, салынатын ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қойылуда. Осыған орай үкіметке, жергілікті атқарушы билік органдарына халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету ісін жедел әрі тиімді жүргізу бойынша үлкен салмақ салынып, жауапкершілік жүктелді. Бүкіл еліміздегі сияқты, қазір бұл бағыттағы нақты жұмыстар Ақтау қаласында да іске асырылып жатыр. Ақтау қаласындағы жаңа шағын аудандарды игеру, барлық инфрақұрылымымен жаңадан үй тұрғызу - мұның барлығы да түптеп келгенде әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған жоспарлы жұмыстардың нәтижесі»,-деді Ералы Тоғжанов.  

Ақтау қаласында «Сатып алумен жалға беру» бағыты бойынша  бүгінге дейін жалпы ауданы 56 664,9 шаршы метрді құрайтын 986 пәтер пайдалануға берілген.

«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы бірінші кезекте, халықтың ең осал топтары - көпбалалы және толық емес отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың, жетімдердің баспаналы болуына көңіл бөледі. Бұл - Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылған біздің ортақ ісіміз. Бізге жауапты миссия жүктелді және біз жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынымызды дәлелдедік», -деп атап өтті Руслан Кәкім.

null null null 

Соңғы жаңалықтар