Маңғыстауда 5 елдің театр ұжымдары бас қосты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда Каспий маңы елдерінің II халықаралық фестивалі басталды. 5 елден келген 8 театр ұжымы 3 күн бойы 10-ға жуық үздік туындыларын сахналайды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестиваль ұлттық театр және кино өнерінің саңлағы Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Шара облыс әкімдігі мен Түрксойдың (Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы) бастамасымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

«Фестивалдің мақсаты - қазақтың ұлы актерінің рухына құрмет көрсете отырып, Каспий жағалауы елдері театрларының мәдени-рухани ынтымақтастығын арттыруға ықпал ету. Театрлардың шығармашылық бастамаларын ынталандыру арқылы театр өнерін дамытуға үлес қосу», - дейді Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Оралбайқызы.

Фестивалге Каспий жағалауы және түркі тілдес елдерінің кәсіби драма, музыкалық драма театрлары келген. Атап айтсақ, С. Амутбаев атындағы Мензелин мемлекеттік татар драма театры (Татарстан), Билех Савар Барбод театры (Иран), Кемине атындағы Мары мемлекеттік драма театры (Түркменстан), Уфа мемлекеттік татар «Нұр» театры (Башқұртстан), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ( Алматы қаласы), Ақмола облыстық орыс драма театры (Көкшетау қаласы), Әзірбайжан Мемлекеттік Ұлттық драма театры (Әзірбайжан), Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры (Ақтау қаласы).

Фестивалдің шымылдығын Татарстаннан келген өнер ұжымы «Ібіліс» туындысымен ашты. Қойылымның қоюшы суретшісі Валерий Яшкуловтың айтуынша, бұл трагедия жанрындағы қойылым. Режиссері атақты Сергей Потапов. «Ібіліс» пьесасын Әзірбайжан ақыны және драматургі Г. Джавид 1918 жылы өлең тіліндегі драма формасында жазған.

«Мензелин мемлекеттік татар драма театры халықаралық фестивалге алғашқы рет қатысып отырмыз. Ұжымда небәрі 25 әртіс бар. «Ібіліс» пьесасы ең үздік туындымыз. Татарстанда өткен байқауда бас жүлде алған. Спектакльде өмірде өзінің орнын таба алмаған кейіпкерді Ібіліс адал жолынан адастыра бастайды. Жалпы өмірдің мәні туралы баяндалады. Қойылым башқұрт тілінде қойылды. Қатысушыларға сәттілік тілеймін! Осындай шараға қатысуға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз!» - дейді Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, Мензелин мемлекеттік татар драма театрының бас суретші Валерий Яшкулов.

Фестивалдың алғашқы күнінде қатысушылар мен қонақтар Н. Жантөриннің ескерткішіне гүл шоқтрын қойып, баспасөз мәслихатына қатысты. Онда әділқазылар алқасы мен ұйымдастыру алқасы түрлі сұрақтарға жауап берді.  Мәртебелі меймандар арасында Асанәлі Әшімов бастаған өнер тарландарынан бастап, Талғат Теменов, Бекжан Тұрыс, Сәбит Әбдіхалықов сынды әртістер бар.

Бүгін кешкі 8-де теңіз жағалауындағы амфитеатрда фестивалдің гала-концерті өтеді. Фестиваль 13-16 қыркүйек аралығында жалғасады.

null 

Соңғы жаңалықтар