Маңғыстауда 5 елдің театр саңлақтары қызыл кілеммен жүріп өтті

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Каспий жағалауы елдерінің II халықаралық театр фестивалі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестивальдің ашылу салтанатында қатысушылар алдымен қызыл кілеммен жүріп өтті. Кейін теңіз жағалауындағы амфитеатр төрінде гала-концерт болды. Бес елдің өнерпаздары әннен  шашу шашып, Маңғыстау сахнасын сән мен салтанатқа бөледі.

Шараға Маңғыстау облысының құрметті азаматтары, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткерлері, театр саңлақтары келді.

«Жаңа фестиваль. Өмірі ұзақ болсын. Азаматтарға рахмет. Каспий достықтың өзені емес -  өнердің өзені!  Мереке құтты болсын!», - деді Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов.



Бұл шара - 5 елдің өнері мен мәдениетін біріктірген фестиваль. Әртістер мен халықты жақындатқан мереке. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың айтуынша, осы айтулы шара арқасында Маңғыстау мәдениеті тағы бір сатыға биіктеді. Түрлі ұлт пен халықтың рухани ынтымақтастығын арттырды. 

«Маңғыстау жерінде үлкен той болуда. Бұл Н.Жантөрин атындағы үлкен театрдың тікелей ұйымдастыруымен өтіп жатқан фестиваль. Осы шара қазақ даласының біртуар ұлы Нұрмұхан ағамыздың есіміне, 90 жылдығына арналады. Бүгін ортамызда елдің рухын да, халықтың намысын да көтеретін, еліміздің құрметті азаматтары, іс-шараға кезінде мұрындық болған азаматтар отыр. Бәріне рахметімді айтамын. Түрік елінің дәстүрі мен рухын көтеріп жүрген азаматтар да бар», - деді Ералы Тоғжанов.


Фестивальге қатысуға келген театрлар көрерменді ән мен күйге бөледі. Өз  өнер ұжымдарын таныстырды.

«Біз Алматы қаласы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрынан келіп отырмыз. Ұжымымыз «Шыңырау» спектаклін қоятын болады», - дейді театр директоры Сәбит Әбдіхалықов.

Фестивальге Каспий жағалауы және түркітілдес елдердің кәсіби драма, музыкалық-драма театрлары келгенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Олардың арасында С. Амутбаев атындағы Мензелин мемлекеттік татар драма театры (Татарстан), Билех Савар Барбод театры (Иран), Кемине атындағы Мары мемлекеттік драма театры (Түркменстан), Уфа мемлекеттік татар «Нұр» театры (Башқұртстан), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ( Алматы қаласы), Ақмола облыстық орыс драма театры (Көкшетау қаласы), Әзербайжан Мемлекеттік Ұлттық драма театры (Әзербайжан), Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры (Ақтау қаласы).

Театрлар ұжымдары 16 қыркүйекке дейін үздік туындыларын сахналайтын болады. Кіру - тегін.

 

Соңғы жаңалықтар