Маңғыстауда 171 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев жер қатынастары мәселесіне қатысты жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес өткізілген жиында өңірдегі жер мәселесіне қатысты мәліметтер жария етілді. Облыс көлемінде 2017-2018 жылдары игерілмеген және пайдалану мерзімі өтіп кеткен 26 413,87 гектар 452 жер телімі анықталған. Жалпы көлемі 20 733,2 га болатын барлығы 171 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Жердің мақсаттық нысанын ауыстырып, басында белгіленген жоспардан  басқа нысан салу да көбейіп кеткен. Әсіресе Түпқараған мен Мұнайлы аудандарында осындай заңбұзушылық жиі кездеседі. Сонымен қатар, Бейнеу ауданында заңсыз берілген жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Жоғарыда аталған заң бұзушылықтарға жол берген жер саласына жауапты аудан әкімдерінің орынбасарларына жер, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде тапсырма берілді. Ал Жаңаөзен қаласында 18 жер телімі бойынша сот процесі жүріп жатыр.

Бүгінде облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу  үшін жер телімін алуға кезекте 166 312 адам тұрған.

Қазіргі кезде барлық елді мекендердің бас жоспарлары жасақталған.

Олардың ішінде Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында жеке тұрғын үй құрылысы үшін алаңдар қаралмаған,  басқа аудандар бойынша бас жоспарында 26 820 учаске қаралған.

Жер қатынастары саласының мәселелері -  қашанда облыс әкімінің қадағалауындағы өзекті бағыттардың бірі. Жерге қатысты, жердің пайдаланылуына, бұзылуына, игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты әкімдікте бірнеше жиналыс өткізіліп, оқу-әдістемелік кітапшалар таратылып, нақты тапсырмалары берілген болатын.

Соңғы жаңалықтар