Маңғыстауда 170 азамат алимент төлеуден жалтарып жүр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Перзентіне алимент төлеуден жалтарып жүрген өңірде 170-ке жуық азамат бар. Оларға қатысты мәжбүрлеп орындату шараларының бірнеше түрі қолданылуда,-деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық әділет департаментінің мамандары өңірлік коммуникациялар алаңында мәлімдеді.

Яғни, 118 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде құқық қорғау органдарына 134 ұсыныс енгізілген.

«Сот орындаушылар өндірісінде қазір тоғыз мыңнан астам алимент төлемдерін өндіру құжаты бар. Алты мыңдайы борышкерлердің жалақысынан өндіріліп жатса, тағы 2830 борышкер ерікті түрде төлеуде. 101 жүргізуші куәліктерінің қолданысы уақытша тоқтатылды. Алимент төлеуден жалтарып жүрген барлық борышкерлерге ҚР аумағынан шығуға уақытша шектеу қойылды», - дейді облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Әуес Көшкінбаева.

Сот орындаушысының осындай шараларына қарамастан борышкерден алимент өндіру мүмкін болмайтын кездері де болады. Мысалы, ол азамат жұмыссыз не болмаса тұрақты табыс көзі және меншігінде мүлкі жоқ жағдайда.

Аталған санаттағы атқару құжаттарының әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, департаменттің үйлестіруімен жұмыспен қамту орталығы арқылы өткен жылы 69 борышкер жұмысқа орналастырылса, биыл 16 адам жұмыспен қамтылды.


Соңғы жаңалықтар