Маңғыстау тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша көшбасшылар үштігіне кіреді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша көшбасшылар үштігіне кіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еліміз Тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде Маңғыстау облысында 2 трлн. 358 млрд. 004 млн. теңгеге 11 млн. 333,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Әсіресе тұрғынүй құрылысы облыс орталығында қарқынды жүруде. Ақтауда соңғы бес жылда жаңа 11 шағын аудан бой көтерді.

Айта кетейік, 2021 жылдың жоспары 1,201 ш. м. құрады. Ал биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 954 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған.

2020 жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жалға берілетін тұрғын үй құрылысына және сатып алуға 2,9 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат көлемі 23,5 мың ш. м. 305 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына және 67 пәтер сатып алуға жұмсалды.

Ақтау қаласының тұрғыны Қылышбай Самат та жаңа пәтер алды. Оның айтуынша, ол «Аққу-3» тұрғын үй кешеніндегі алғашқы пәтерін мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес, «Отбасы банк» арқылы конкурстан өтіп алған. Баспаналы болған жас жігіт жақында шаңырақ көтермек.

Бұдан бөлек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақтау қаласының жаңа шағын аудандарында жаңадан салынған тұрғын үйлерді инженерлік желілермен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді. Қаражат толық игерілген.

Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1407 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау жоспарланған.

- Қаланың жаңа шағын аудандарында жеке құрылыс салушылардың қатысуымен 100-ден астам көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Олардың белгілі бір бөлігі осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Инженерлік желілердің құрылысына Ұлттық Қордан 4,5 млрд теңге бөлінді. Орталық мемлекеттік органдар 13 жобаны іске асыруға келісім берді. Барлық жоба жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде, - деді Маңғыстау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Манкешова.


Соңғы жаңалықтар