Маңғыстау тарихын зерттеуге шетел ғалымдары тартылады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау тарихын зерттеуге шетел ғалымдары тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» Халықаралық ғылыми кешенді экспедициясының қорытындысы бойынша 11-13 наурызда Ақтау қаласында өтетін «Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұраларын зерттеудегі жаңа көзқарастар мен перспективалар» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына орай өткізіледі.

Конференция Ақтау қаласы, «Достық үйі» ғимаратында өтеді деп жоспарлануда. Конференцияның бағдарламасына сәйкес Түпқараған ауданына қарасты Шақпақ-ата жерасты мешіті және қорымы ескерткішіне көшпелі семинар ұйымдастыру, облыстық тарихи-өлкетану музейін және Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының экспозицияларын аралау, Ақтау қаласы бойынша экскурсия өткізу, Амал мерекесіне арналған «Ұлы Дала көші» театрландырылған шарасына қатысуы жоспарланған. Конференцияға алыс-жақын шетелдерден және еліміздің ғалымдары қатысатын болады.

Айта кететіні «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» Халықаралық ғылыми кешенді экспедиция барысында Маңғыстау облысында орналасқан Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар сакралды орындары, ноғайлы кезеңінің ескерткіштері, аймақтың шыңырау-құдықтары, археологиялық ескерткіштері зерттелді.

Атап айтқанда, 5 жерасты мешіті, 20 құдық-шыңыраулар анықталды. Маңғыстау өңірінің тарихи тұлғалары жайында, салт-дәстүр ерекшеліктері, аңшылық, құдықшылық кәсібі, қолөнері, зергерлік, палуандық өнері, т.б. өлке тарихына қатысты тың мәліметтер жинақталды. Анықталған тарихи нысандар туралы архивтік зерттеу, лабороториялық сараптаулар жүргізілді. Ресей, Өзбекстан, Түркия, Қарашәй-Шеркесия Республикаларына ғылыми іссапарлар ұйымдастырылды. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі, суреттер, сұхбаттар, түсініктемелер 235 беттік фотошежіреге жинақталды.

Сондай-ақ, кешенді ғылыми экспедиция аясында Маңғыстау ауданы Жыңғылды және Құмыра жерінде апаттан-құтқару археологиялық жұмыстар жүргізілді. Зерттеулер барысында б.э. 3-5 ғғ. белгіленетін катакомбалық жерлеулер аршылып зерттелген.

Соңғы жаңалықтар