Маңғыстау облысының әкімі ауылшаруашылық нысандарымен танысты

None
None
ҚАРАҚИЯ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Қарақия ауданында ауыл және егін шаруашылығы бойынша бірнеше нысанның жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, «Қазақстан ет одағы» қоғамдық бірлестігі жаңа жобаны іске асыруда. Оған сәйкес Қарақия ауданы арқылы шетелден Қазақстанның ішкі нарығына 5 мың ірі қара мал жеткізу жоспарланып отыр. Аймақ басшысының сапары осы жерден басталды.

Аудан орталығы - Құрық ауылының Сарша жерінде 2019-2020 жылдары салынып, іске қосылатын нысанның меншік иесі - «Бреск» ЖШС.
Онда серіктестіктің өкілі жаңа нысанды салуға 20 га жер телімі берілетіндігі туралы шешім шығарылғанын, кешікпей құрылыс жұмыстары басталатынын айтты.


С.Трұмовпен бірге барлық қала, аудан әкімдерінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасарлары мен басқармалардың басшылығы болды. Өңір әкімі бұл жобаның экономикалық тиімділігі мен өзектілігіне тоқталып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Нысан «Құрық» портына жақын аумақта салынып, 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Ол арқылы 5 мың ірі қара, яғни сиыр малы тасымалданып, карантиндік- ветеринарлық тексеруден өтпек.


Бұдан соң жұмыс тобы Қызылқұм жеріндегі егін шаруашылығымен танысты. Ондағы егін шаруашылығымен айналысатын отыздай егіншінің бірі - Төлеген Жалмұратов «Жанбыршы» шаруа қожалығының иесі. Ол бұл кәсіппен 1995 жылдан бері айналысады. 152 га жерге алма, жүзім ағаштарын, қызанақ, қияр, баклажан, қауын, қарбыздың түрлі сорттарын өсіреді. Өнім тұтынушылары - Жетібай, Мұнайшы, Құрық және Ақтау қалаларының тұрғындары. Айта кетейік, «Жаңбыршыда» алма мен өріктің де неше түрлі сорты өседі. Егіннің жайын ерте меңгерген бағбан өңірге танымал кәсіпкер.


Маңғыстау облысы әкімінің Қызылқұмға сапары ары қарай Жақсылық Ибадуллаевтың шаруа қожалығында жалғасты. 32 га егіс алқабында алма, жүзім ағаштары мен қызанақ, қияр, баклажан, қауын, қарбыз түрлері өсірілген. Бағбан, ауданның бірнеше ауылы және Ақтау қаласының тұрғындарына өз өнімін өткізетіндігін айтты.

Қызылқұмда өткен бейресми жиында өңірдің ауыл және егін шаруашылығына қатысты тың жобалар мен өзекті пікірлер ортаға салынды.


Соңғы жаңалықтар