Маңғыстау облысындағы түйелерге белгісіз ауру жұқты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – 2020 жылдың 3 қаңтарында белгісіз індетке шалдыққан түйелерді тексеру үшін Маңғыстау облысына ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің және жетекші ғалымдарының баруы жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарт министрліктің сайтына сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысының ветеринария басқармасының және Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының деректері бойынша ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне былтырғы жылдың қыркүйек айынан желтоқсан айына дейінгі аралықта түйе шешегіне күдік туғаны хабарлама келіп түсті. Қыркүйек айында - 6 түйе, қазан айында - 3 түйе, желтоқсан айында - 5 түйеде осы аурудың белгісі байқалған.

Эпизоотологиялық тексеру және сынама алу үшін «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» РММ қызметкерлері бірнеше рет жіберілді.

Орталықтың хаттамалық сынақтарына сәйкес қыркүйек және қазан айларында алынған биологиялық сынамалар – теріс нәтиже көрсеткен.

Желтоқсанда түйелерден қосымша сынама алынып «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК-нің Маңғыстау облыстық филиалына жіберілді, ұлттық референттік орталыққа қайта жолданады.

Ауру малдың арасында өлім жоқ, клиникалық белгісі бойынша түйенің шешегі деген күдік алынып тасталады.

Сонымен қатар, мониторинг жүргізу барысында 2019 жылдың 16-21 қазаны аралығында зерттеу мақсатында қосымша 45 түйеден (Маңғыстау ауданы - 6 бас, Қарақия ауданы - 33 бас, Жаңаөзен - 6 бас) биологиялық материал таңдалып алынды.

Аса қауіпті ауруларды болдырмау үшін «ВБҰРО» РМК жүргізген зертханалық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, оның ішінде аусыл, пастереллез, листериоз, ақшелек (қарабез), туберкулез және шешек ауруларына жүргізген зертханалық зерттеудің нәтижесі теріс болып шықты. Нәтижелер комитеттің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясына жіберілді.

Қалыптасқан жағдайды егжей-тегжейлі зерттеу үшін Маңғыстау облысына 2020 жылдың 3 қаңтарында комитеттің, «ВБҰРО» РМК, «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК өкілдерінің «Қазақ ғылыми-зерттеу мал дәрігерлік институты» ЖШС жетекші ғалымдарының баруы жоспарланған.

Маңғыстау облысының ветеринария қызметі тарапынан тұрақты негізде халық арасында ветеринария саласындағы мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өту қажет. 2019 жылы аудандық және қалалық инспекциялар түсіндіру жұмыстары мен семинар өткізді - 308, оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарлары аурулары бойынша – 23 шара ұйымдастырылған.

Аймақтың эпизоотиялық жағдайы Маңғыстау облысының ветеринариялық қызметінің бақылауында. 2019 жылдың 26 желтоқсанындағы жағдай бойынша АЖЖ базасында Маңғыстау облысындағы жалпы саны 69 022 түйе тіркелген.

Оның ішінде аудандар бойынша: Маңғыстау - 23 258 бас; Бейнеу - 19 605 бас; Қарақия - 11 478 бас; Түпқараған – 7 212 бас; Мұнайлы - 4 995 бас; Ақтау қаласы - 178 бас; Жаңаөзен қаласы - 2 296 бас.


Соңғы жаңалықтар