Маңғыстау облысындағы отбасыларға 161 млн теңге АӘК төленді

Фото: None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының Қарақия ауданында 330 отбасы 161,3 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алды. Қаражат аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ туберкулезбен және онкологиямен ауыратын науқастарды емдеуге, асыраушысынан айырылған балаларға және тағы басқаларға бөлінді. Бұл туралы аудан әкімі Қыдырберді Беков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атаулы әлеуметтік көмек алғандардың ішінен 108 адам жұмыспен қамтылды. Одан бөлек, 1-6 жас аралығындағы 104 балаға 21,5 миллион теңге көлемінде кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылды. Аз қамтылған 104 отбасыға 5,6 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Асыраушысынан айырылған 340 балаға әлеуметтік көмек ретінде 14,9 миллион теңге бөлінді», - деді Қыдырберді Беков.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысының оңалту орталығында ауданның мүмкіндігі шектеулі 12 тұрғыны арнайы ем алған. Ауданның тағы 235 тұрғыны санаториялық-курорттық мекемеде ем қабылдады.

Қарақия ауданы әкімінің сөзінше, туберкулезбен ауыратын 29 науқасты емдеуге 3,5 миллион теңге бөлінген. Ал онкологиямен ауыратын 64 науқасқа 4,9 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Аудан әкімінің гранты бойынша жоғары оқу орындарында оқитын 20 студенттің стипендиясына 1,5 миллион теңге бөлінді. Әлеуметтік саланың 2 120 қызметкеріне отын сатып алу үшін 25,6 миллион теңге сомасында көмек көрсетілген.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша, 173,3 миллион теңге бөлініп, 39 маман үй алу мүмкіндігіне ие болды. 70 маманға 20,4 миллион көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы бөлінді.


Соңғы жаңалықтар