Маңғыстау облысындағы қоқиқаздардың неден өлгені белгісіз – Экология министрі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Маңғыстау облысындағы қоқиқаздардың неден өлгенін анықтау үшін инспекторларды жібергенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоқиқаздарға келсек, кеше әлеуметтік желіде шынымен бес қоқиғаздың өліп жатқаны туралы видео жариялаған еді. Біздің облыстық аумақтық инспекция мамандары ол жігітпен байланысқа шықты. Видео он күн бұрын түсірілген екен», - деді Серікқали Брекешев Үкімет отырысынан кейін өткен брифингіде.

Айтуынша, оқиға орнына арнайы инспекторлар жіберіліпті.

«Біз жіберген инспекторлар видео түсірілген орынға барып, сынамалар алады. Сол талдаулардың негізінде құстардың неден өлгені анықталады», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол Қырғыз Ресупбликасынан келетін су бойынша ешқандай тәуекел жоқ екенін мәлім етті.

Бұған дейін Маңғыстау облысында өлген қоқиқаздардың табылуына қатысты облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы түсініктеме берген болатын.
Соңғы жаңалықтар