Маңғыстау облысындағы эпидемиологиялық ахуал қандай

Фото: None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы аптада коронавирус инфекциясын жұқтырған 234 науқас жазылып шыққан. Реанимациялық төсек саны 57. Бүгінде төсек орын толымдылығы 33,3% құрайды. Резервте 1 165 төсек орын бар», - деді Аманбек Жұмыров.

Спикердің айтуынша, қазір ауа райының күрт салқындауына байланысты маусымдық аурулар деңгейінің өсу қаупі туындап отыр. Мәселен, өңірде бір күннің ішінде респираторлық вирустық инфекцияның 83 жағдайы тіркелді.

«Қазіргі таңда 53 жедел жәрдем бригадалары жұмыс істеуде. 6 қазан күні облыс көлемінде барлығы 606 шақырту түскен. Оның ішінде коронавирус індеті – 2 жағдай, пневмония – 4 жағдай, ал ОРВИ бойынша 83 жағдай. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелері коронавирус инфекциясын жұқтырған 142 адамды оқшауға алды. Оларды емдеуге 103 мобильдік бригада ұйымдастырылған», - деді Аманбек Жұмыров.

Брифингіге Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Көркінбаева қатысты. Ол өңір тұрғындарға санитарлық талаптарды сақтауға үндеді.

«Ауру жұқтыру қаупін төмендету үшін адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тартқан абзал. Бетперде режимін сақтап, қолды жиі жуып, антисептикті қолданыңыз», -деді Гүлнар Көркінбаева.


Соңғы жаңалықтар