Маңғыстау облысында жұмыссыздық мәселесі қалай шешіліп жатыр

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында жұмыссыздық деңгейі – 5%, Жаңаөзенде 5,5% құрайды. Облыстың жұмыспен қамту орталықтарында 17,2 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Нұрлан Ноғаев Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде мемлекет жұмыссыздықпен күресу үшін қандай шаралар ұсынғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өңірде жұмыссыздық мәселесін шешу үшін «Жұмыс жасаймын» өңірлік жобасын қоса алғанда, бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында 2022 жылы 1,3 млрд теңге бөлінген. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша 780 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 240 мың теңгені құрайды.


2023 жылы жұмыспен қамту шаралары бойынша 19,6 мың адамды еңбекке орналастыру жоспарланған. Осы мақсатта 10,2 млрд теңге қаржы бөлінген.

Жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген азаматтар үшін субсидияланатын жұмыс орындары ұйымдастырылған. Олар: «Жастар практикасы» «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Күміс жас» жобалары. Осы бағыттар бойынша биыл 7,8 мың адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылады.

Бұдан бөлек, өңірде кәсіпкерлікті дамыту үшін халықтың осал топтарының өкілдеріне 400 АЕК (2023 жылы 1,38 млн теңге) көлемінде бизнес-идеяларын іске асыруға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін жастарға 2,5% шағын несиелер ұсынылады. Бұл мақсатта арнайы 1,1 млрд теңге бөлінді. Оның аясында 415 жасқа қолдау көрсетіледі деп күтіледі. Сонымен қатар биыл шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында «Mangystau business» өңірлік бағдарламасын іске асыру жоспарланған. Жоба аясында кәсібін жаңа бастаған жеке кәсіпкерлер жылдық 1%-бен 50 млн теңгеге дейін несие ала алады.

Өңір басшысы өз баяндамасында Маңғыстау облысының негізгі өнеркәсіптік саласы — химия өнеркәсібі, машина жасау, мұнай өнімдерін өңдеу, құрылыс индустриясы мен металлургия өнеркәсібі екенін атап өтті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,1 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде өнеркәсіптік өндірістің көлемі – 205 млрд теңге, яғни жалпы үлестің 6,6%.


Нұрлан Ноғаев өңірде пысықталып жатқан ірі жобалардың бірі «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ компаниясы ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясымен бірлесіп іске асырып жатқан «Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов» кен орындарын игеру жұмыстары екенін айтты.

Жобаның құны – 2,7 трлн теңге. Жобаны іске асырудың бастапқы кезеңінде 2 мың жұмыс орны құрылмақ. Ал мұнай өндіру 2028 жылы басталып, жылына 4 миллион тоннаны құрайды.

Бұдан бөлек өңірде әлеуетті инвесторлармен полипропилен өндіру және металлургия зауытын салу жөніндегі жобаларды іске асыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Егер бұл жоба оң шешімін тапса, оған 900 млрд теңге инвестицияланып, құрылыс барысында 9 мың жұмыс орны құрылады. Ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.

Сондай-ақ облыс әкімі Жаңаөзен қаласында өндірісті оқшаулау аясында алдағы уақытта ұзақ мерзімді шарттар жасасу арқылы 696 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын айтты.

«Нарықтық экономиканың негізгі талаптарының бірі азаматтардың шағын бизнесті дамыта отырып, өздерінің әл-ауқатын арттыру, мемлекеттен тәуелсіз болу мүмкіндігі. Кәсіппен айналысу және одан табыс табу — бұл барлық өркениетті елдерде қалыптасқан экономикалық тұжырымда. Мәселен, өткен жылы облыстың жұмыссыз азаматтарын жұмысқа орналастыру мақсатында үкіметтік деңгейдегі келіссөздер арқылы»Татнефть«компаниясы 600-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Алайда онда қазіргі уақытта тек 43 адам жұмыс істейді. Аймақта жұмыс орындары жетерлік, бірақ жұмыс істегісі келетіндер аз. Көбісі мұнай саласында жұмыс істегісі келеді, тұрғылықты жерін өзгерткісі келмейді. Бір жер тұрып, бір жерде жұмыс істегісі келеді. Алайда, қазір жаңа жағдайларға жағдайларда бейімделу керек. Әсіресе сіздің отбасыңыз болса, балаларыңыз өсіп келе жатса, уақытты босқа кетіргеннен гөрі мүмкіндікті пайдаланған дұрыс», - деді Нұрлан Ноғаев.

Маңғыстау облысының әкімі мұнайдың бір кездері аяқталуы мүмкін екенін баса айтты. Сондықтан экономиканы әртараптандыруды одан әрі жандандыратын және экономикалық өсуге қосымша серпін беретін басқа да перспективтік салалар мен өсу нүктелерін зерттеу қажет.

«Білімге және әрқашан дамыуға ұмтылатын өз ісінің шебері-әрқашан бәсекеге қабілетті болады. Жастардың еңбекке деген мотивациясын арттыру қажет. Тек сонда ғана қоғам білікті мамандардан тұратын болады», - деді облыс басшысы.


Соңғы жаңалықтар