Маңғыстау облысында жемқорлыққа қатысты биыл 52 қылмыс тіркелген

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар саны екі есе артқан. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде өткен жылы жемқорлыққа қатысты 22 қылмыс тіркелсе, биыл 52-ге жеткен.

«Биыл өңірде сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыс саны екі есеге артқан. Қылмыс құрылымында парақорлықтың үлесі жылдан-жылға өсіп отыр», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев.

Департамент 3 сыртқы талдау жұмысын жүргізіп, бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтаған. Сондай-ақ қылмыстардың алдын алу мақсатында 21 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 25 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

«Мемлекеттік органдарда жемқорлық тәуекелдерін талдаудың маңыздылығын түсіну керек. Талдау барысында қызметтің барлық бағыттарын қамти отырып, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою бойынша ұсынымдар енгізу қажет», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов.


Соңғы жаңалықтар