Маңғыстау облысында түйелерден қауіпті ауру табылған жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында түйелерден қауіпті ауру түрлері табылған жоқ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасы мен облыстық аумақтық инспекциясынан осы жылдың қыркүйегінен желтоқсанға дейін түйелердің шешек ауруына ұшырауы туралы хабарлама келіп түскен. Атап айтқанда, қыркүйекте - 6 түйе, қазанда - 3 түйе, желтоқсанда - 5 түйе ауру күдігіне іліккен. Облысқа эпизоотологиялық тексеру және сынама алу үшін «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» РММ қызметкерлері бірнеше рет жіберілген.

«Аталған орталықтың хаттамалық сынақтарына сәйкес қыркүйек және қазанда алынған биологиялық сынамалардан шешек ауруының белгілері табылған жоқ. Желтоқсанда түйелерден қосымша сынамалар алынып, «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК Маңғыстау облыстық филиалына жіберілген. Ауру жануарлардың арасында өлім жоқ. Клиникалық белгілері бойынша түйенің шешегі күдігі алынып тасталды. Дегенмен, мониторинг жүргізу барысында осы жылдың 16-21 қазаны аралығында зерттеу мақсатында 45 түйеден (Маңғыстау ауданы - 6 бас, Қарақия ауданы - 33 бас, Жаңаөзен - 6 бас) қосымша биологиялық материал іріктеп алынды. Аса қауіпті ауруларды болдырмау үшін «ВБҰРО» РМК жүргізген зертханалық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, аусыл, пастереллез, листериоз, сібір жарасы, туберкулез және шешек ауруларына жүргізген зертханалық зерттеулердің нәтижелері теріс болып шықты. Нәтижелер Комитеттің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясына жіберілді», - деп атап өтеді министрліктен.

Қалыптасқан жағдайды егжей-тегжейлі зерттеу үшін Манғыстау облысына 2020 жылдың 3 қаңтарында комитеттің, «ВБҰРО» РМК, «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК-нің өкілдерінің «Қазақ ғылыми-зерттеу мал дәрігерлік институты» ЖШС жетекші ғалымдарының баруы жоспарланған. Аймақтың эпизоотиялық жағдайы Маңғыстау облысының ветеринариялық қызметінің бақылауында тұр.

Бұған дейін Маңғыстауда белгісіз індет жұқтырған түйелерден алынған сынама 3 тәуелсіз ветеринариялық ғылыми-зерттеу институтына жолданғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар