Маңғыстау облысында модульдік инфекциялық аурухана ашылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда заманауи үлгідегі модульді жұқпалы аурулар ауруханасы іске қосылды. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов жаңа салынған нысанды аралып көріп, медициналық мекеменің жұмысына табыс тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кешен Маңғыстау облыстық ауруханасына қарасты инфекциялық стационар ретінде қызмет атқарады. Жер көлемі 4 га құрайды. Аурухана 200 төсек-орынға есептелген және қажетті медициналық жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. 180 төсек – стационарлық, 20-сы – жансақтау орындары. Жалпы ауданы 6763 шаршы метр болатын кешен модульдерге бөлінген, олардың әрқайсысы түрлі мақсаттарға ие. Мысалы, науқастар бөлмесі «E және F» блогында орналасты. Көрші «B» блогында – реанимациялық төсектер мен операциялық зал. «А» блогы – қабылдау бөлімшесі, «D» блогы – инфекциялық блок.


«Бұл шаралар коронавирус індетінің ықтимал жаңа толқынына дайындық барысында іске асырылуда. Мұндай ауруханалар инфекцияны жұқтырған науқастарды уақытылы анықтап, оқшаулауға және дұрыс ем қабылдауға мүмкіндік беріп, аурудың таралу қаупін азайтады»,-деді С.Трұмов


Палаталар боксталған, әр науқастың төсек орны динамикалық бақылаумен, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Модульдік аурухана өзара байланысқан, жұқпалы аурулар қауіпсіздігі қатаң сақталған, бөлімшелерден тұрады. Әр төсекке оттегі жеткізуді қамтамасыз ететін оттекті-газдандыру станциясы бар. Бұл ерекшеліктер инфекцияның алдын алу және жұқтырған адаммен байланысты болдырмау үшін жасалған.

Медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген кешенде медициналық және кәріз қалдықтарын залалсыздандыру, ішкі ауаны тазарту-желдету, өрт дабылы, бейнебақылау жүйесі де қарастырылған.

Бүгінгі күні аурухана науқастарды қабылдауға дайын. Онда 300-ге жуық медицина қызметкері жұмыс атқаратын болады. Қосымша дәрігерлерлік кадр резерві жасақталған.

Жоба «NCOC» компаниясының демеушілігімен салынды. Салтанатты шара барысында инфекциялық аурухананың құрылысын жүргізудегі белсенді еңбегі үшін «BL Industrial» ЖСШ-нің 11 қызметкері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.



Соңғы жаңалықтар