Маңғыстау облысында модульді стационардың құрылысы басталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласының 1-шағынауданында модульді жұқпалы аурулар стационарының құрылыс жұмыстары басталып кетті. Нысан 1 қазанда ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева мәлім етті.

«Аурухана 200 кереуетке арналған және толықтай қажетті медициналық жабдықтармен қамтылады. Стационарға 300-ден аса медицина қызметкері қабылданады. Жалпы, Маңғыстауда эпидемиологиялық ахуалға сәйкес 170 адамға арналған 9 инфекциялық стационар бар. Резервтегі 11 инфекциялық стационарда 1835 төсек орын дайын», - деді басқарма басшысы.

Жамал Жаманбаеваның айтуынша, өңірде кадр резерві жасақталған. Дегенмен 75 медицина қызметкері жетіспейді. Сондай-ақ, басқарма басшысы өңірдің медицина мекемелерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқан жұмыстар жайында баяндады.

«Қазіргі уақытта облыс көлеміндегі инфекциялық және провизорлық стационарларда 30 мыңнан астам антикоагулянттар гепарин, клексан, фракиспарин, бактерияға қарсы 2000 астам цеф-4, 35000 цеф-3, 40000 жуық цефтазидим, 8000 жуық азитромицин және т.б бактерияға қарсы препараттар бар. Оған қоса 25000 жуық дексаметазон және 30000 жуық преднизолон препараттары бар. Қор көлемі 3 айдан астам уақытқа жетеді деп жоспарланды»,-деді МО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева.

Өңірде тұмауға қарсы вакцина салу 15 қыркүйектен бастап басталады. Биыл 100 000 доза көлемінде вакцина қажеттілігі есептеліп шығарылды. Тұмауға қарсы вакцинаның 70 000 дозасы облысқа қыркүйектің 4-і күні жеткізілді.

«Тұмауға қарсы вакцинациялау кезінде тұрғындарды келесі шараларды сақтау қажет.Вакцинация 2020 жылдың 15 қыркүйегінде басталады. Сіздерді дәрігерлер өздері шақырады. Емханаға келу уақыты белгіленеді. Мұның бәрі пациенттердің ағымын реттеу және адамдардың көп жиналуына жол бермеу үшін керек. Маска режимін және арақашықтықты қатаң сақтау талап етеміз»,-деді МО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева.


Соңғы жаңалықтар