Маңғыстау облысында энергетика кәсіпорынының бұрынғы басшылығы сотталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында энергиямен жабдықтайтын ірі кәсіпорынның бұрынғы басшылығы сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері аса ірі көлемде алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп, сотқа жолдады.

«2016 жылы «АЭЖБ» МҚК (бұрынғы басшысы А.Л. Қабдолғалиев) және «Абзал и Компания-1» ЖШС (бұрынғы директоры Р.Т Камилов) арасында 53 млн-нан астам теңгеге реле жабдығын ауыстыру жұмысына қатысты мемлекеттік сатып алу туралы келісімшартқа қол қойылды.

2018 жылы Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүргізген аудиторлық тексерісінде «Абзал және Компания-1» ЖШС міндеттемесін орындамағанына қарамастан, «АЭЖБ» кәсіпорны оған келісімшарт сомасы мен қосымша 3 млн теңгені толық аударғаны анықталды», делінген хабарламада.

Комитеттің мәліметінше, 2018-2019 жылдар аралығында екі кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлеріне қатысты алаяқтық және сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу, талан-таражға салу деректері бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалған (Қылмыстық кодекс 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы, 190-бабының 4-бөлігі). Қылмыстық әрекеттен мемлекетке келтірілген залал мөлшері 73 млн теңгеден асты.

Ақтау қалалық соты айыпталушыларды Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы, 216-баптың 2-бөлігі 2-тармағы, 371-баптың 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен оларға 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды (А.М. Дәулетбақов - 5 жылға; Р.Т. Камилов - 2 жылға; А.Л. Қабдолғалиев - 2 жылға; Г.К. Тоғысова - 7 жылға).


Соңғы жаңалықтар