Маңғыстау облысында екі ПТР-зертхана ашылады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында екі ПТР-зертхана ашылады деп жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коммуникация орталығында өткен брифингіде облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева қазан айының соңына дейін Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауылында ПТР-зертханалар ашылатынын мәлім етті.

«Қазіргі уақытта біздің облыста ПТР-тестілеумен айналысатын 5 зертхана бар. Бірі мемлекеттік, қалғаны жеке меншікте. Барлығы қоса алғанда, бұл зертханалар бір тәулікте 3700 ПТР-зерттеу жүргізуге қауқарлы» - дейді Л.Есенғалиева.

Сондай-ақ, өңірде құрылысы басталған модульдік стационар 25 қазанда қолданысқа берілмек.

«Инфекциялық аурухананың қолданысқа дайындығы 95 процент деп бағалануда. Бұл стационардың ашылуы 25 қазанға жоспарланған. Ғимаратқа КТ, УЗИ, рентген аппараттары қойылған. Бұдан өзге, биылғы жылдың соңына дейін 100 орындық қалалық көпбейінді аурухана ашылады деп күтіліп отыр. Коронавирустың болжамды келесі толқынын еңсеруге 2700 медициналық қызметкер дайындықтан өткізілді. Олардың тізімі бекітілген. Әр апта сайын басқа аймақтардағы ЖОО-лардың профессорлық-оқытушылық құрамымен онлайн-сабақтар өткізілді», - деді өңірдің Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Пандемияның ықтимал келесі толқынына дайындық аясында аймақ әкімінің мақұлданған іс-шаралар жоспары түзілді. Оған сәйкес, белгіленген жұмыстар атқарылып жатыр.

«Індеттің ендігі толқынына тосқауыл қою мақсатында Маңғыстау өңіріне 18 қазан күні екі жылжымалы медициналық кешен жеткізілген. Олар шалғай елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетеді. Тағы 20 реанимобиль көлігін бөлу жұмыстары әлі де болса жалғасып жатыр. Бұл машиналар жақын күндері Маңғыстау, Түпқараған және Бейнеу аудандарына жіберіледі.

Қоймаларда бірреттік және көп рет қолданылатын медкостюмдер, қолғаптар, бетперделер, медхалаттар мен көзілдіріктер секілді жеке қорғаныс құралдарының 2 айға жететін қоры құрылды. Сонымен қатар 3 млн бетперде сатып алынды. Ахуал нашарлаған жағдайда олар жергілікті дәріханаларға жеткізіледі», - деді ол.

Маңғыстау облысында бүгінге дейін жалпы 3372 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 3282-сі аурудан жазылып тұрды. Инфекциялық стационарларда 54 адам ем қабылдап жатыр. Оның екеуінен ПТР-тестілеу қорытындысы оң нәтиже көрсетті. Олардың бірі - перзентханада жатқан жүкті әйел, екіншісі - облыстық балалар ауруханасына жатқызылған сәби. Қалған 52 адамға коронавирустық пневмония диагнозы қойылған.

Аймақ бойынша 215 инфекциялық төсек-орын мен 9 стационар бар. Бұдан бөлек, тағы 11 стационар мен 1835 кереует қолданысқа әзір. Барлық техника, мүлікпен қамтылған бұл орындар резервте тұр.

Бұған дейін Қарағанды мецининалық университетінің профессорлық-оқытушылар тобы өңірге келіп кеткені мәлім. Олар КВИ-ге қатысты емдеу протоколдарын түзуге белсене атсалысты. Сәйкесінше, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында дәрігерлер үшін біліктілік арттыру семинарлары өткізілді.

Айта кетейік, КВИ-дің келесі толқынына әзірлік аясында 70 мың адам тұмауға қарсы екпе алады деп жоспарланған. Бүгінде 90 процентіне екпе салынды. Олардың басым көпшілігін жүкті әйелдер, жиі ауыратын тұлғалар мен есепте тұрған азаматтар құрайды.


Соңғы жаңалықтар