Маңғыстау облысында басқарма басшысының туған күніне қатысқандар жазаланды
2020 жылғы 15 қазан 15:44

Маңғыстау облысында басқарма басшысының туған күніне қатысқандар жазаланды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында карантин талаптарын бұзып, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының туған күніне қатысқан мемлекеттік қызметшілер жазаланды. ҚазАқпарат тілшісі бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңір бойынша департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстау облысында Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының іс-әрекетіне қатысты бірнеше тәртіптік іс қаралды.

Департаменттің мәліметінше, отырыс барысында биылғы 14 қыркүйекте туған күнін дүркіретіп тойлаған облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлбекованың әрекеті қаралды.

«Шараға қатысқан қызметшілердің түсіндіруінше, олар Маңғыстау ауданында орналасқан «Айрақты» тауына саяхатқа шығып, спорттық ойындар өткізген. Сол жерден түскі ас ішіп, қызметшілерге өздерімен алып келген шағын сыйлықтарын таратқан. Бұл шараның мақсаты «қызметшілер арасында корпоративтік мәдениетті қалыптастыру» деп көрсеткен. Алайда, кеңес мүшелері бұл түсіндірмелерді «жазадан құтылуға әрекет» деп қабылдады», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, М. Әлбекова ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жазаға тартылған болатын. Бұл бап бойынша лауазымды тұлғалар 230 АЕК, яғни 638 940 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімінің 14 қыркүйектегі өкімімен оған «сөгіс» түрінде тәртіптік жаза қолданылған.

Әдеп жөніндегі кеңес осы шараға қатысқан басқа да лауазымды тұлғаларға жаза қолдануды ұсынды.

«Маңғыстау облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасарына, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасарына, Маңғыстау ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысына, Маңғыстау және Мұнайлы аудандық экономика және жоспарлау бөлімінің басшыларына қатысты тәртіптік істер кеңесте талқыланды. Шараға қатысқан басшы лауазымдағы мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекетінде Әдеп кодексінің бірнеше тармағы бұзылған деп тауып, басым көпшілік дауыспен оларға «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсыну қажет деп шешті», - деді ведомстводан.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT